Соңғы уақытта рейске шығар алдында шекарада шектеу бар екенін біліп, елден шыға алмай қалатындар көбейіп барады.

Қазақстанда қарызға байланысты елден шығуға тыйым салу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізулерді есепке алу жүйесінің мәліметінше, қазір елімізде 5 миллионнан астам атқарушылық іс бар, олардың жалпы қарызы 10 триллион теңгеден асады. Орта есеппен әр адамның басында 2 миллион теңгеден көп қарыз бар. Сонымен қатар 1,4 миллионнан астам азаматқа елден шығуға тыйым салынған. Caravan.kz медиа порталы сарапшылардың орыс басылымына берген кеңестеріне сүйеніп жазады.

Көп жағдайда азаматтар елден шығуға тыйым салынғанын тек шекаралық бақылау пунктінде, яғни ұшаққа мінер кезде ғана біліп жатады. Мұндай жағдайлар жоспарланған демалысты бұзып, едәуір қаржылық шығынға ұшыратуы мүмкін. Әсіресе жол шығындары алдын ала төленген болса. Аталмыш қателіктерден бүкіл отбасы, әсіресе балалармен сапарға шыққан кезде өте ауыр тиеді.

Неге елден шығуға тыйым салынады және бұдан қалай сақтануға болады?

Ең басты себеп қарыздар, кейде тіпті ұсақ қарыз үшін де тыйым салынады. Адам мұндай қарызы бар екенін білмей жүре беруі де мүмкін. Кей жағдайларда елден шығуға тыйым техникалық қателіктерден де қойылып жатады.

«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рейдің айтуынша, бұл тәжірибе азаматтардың Конституциямен бекітілген еркін жүріп-тұру құқығын бұзады. Оның пікірінше, мұндай шектеу тек сот шешімі арқылы және елеулі құқықбұзушылық немесе ірі қарыз болған жағдайда ғана қойылуы тиіс.

Оның сөзінше, мәслихатта елден шығуға шектеу қоятын қарыздың ең төменгі мөлшерін 7 миллион теңге деңгейінде белгілеу ұсынылып жатыр. Десе де, Әділет министрлігінің статистикасына қарасақ, бұл шек тым жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар, қазір қарызды әуежайда бірден төлеу мүмкіндігін қарастыру да ұсынылып отыр.

Басты кеңес елден шықпас бұрын шектеу бар-жоғын алдын ала тексеріп алу. Мұны Egov порталы немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы оңай білуге болады. Кейбір қосымшалар қарызды бірден төлеуге де мүмкіндік береді, бірақ төлем жасалғаннан кейін шектеуді алып тастауға уақыт кететінін ескерген жөн.

Егер сізді рейске жібермесе не істеу керек?

Туристік Қамқор қоры мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда ең бастысы сабыр сақтау. Себебі мәселені сол жерде шеше қою өте қиын.

Мамандардың ұсынатын қадамдары:

• Сабыр сақтау керек, себебі әуежайда мәселені шұғыл шешу мүмкін емес.

• Егер отбасы мүшелері сапарды жалғастыра алатын болса, олардың сапарға кете беруіне мүмкіндік беру.

• Қарызды өтеу.

• Әуекомпанияға немесе турфирмаға хабарласып, жаңа билет рәсімдеу.

Егер ұшу билеті «бару-қайту» түрінде сатып алынған болса, рейске шықпаған жағдайда екі бағыт та жойылады. Сондықтан мамандар тұрақты рейстерде билет сатып аларда бару мен қайтуды бөлек алуға кеңес береді. Осылайша, егер жол жүру мүмкін болмаса, кем дегенде қайту билеті сақталады және сіз тек бір бағыттың құнын жоғалтасыз.

Қазіргі таңда Қазақстан заңнамасы мұндай жағдайда туристі арнайы қорғауды қарастырмайды. Барлық жауапкершілік тек жолаушының өзіне жүктеледі. Мұндай істер бойынша сотқа жүгінетін жағдайлар өте сирек кездеседі, себебі заңнама өзгермейінше, оң нәтиже шығару қиын.

«Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рейдің айтуынша, тәжірибелі турфирмалар бұл мәселенің өзектілігін жақсы түсініп, клиенттеріне елден шығуға тыйымның бар-жоғын тексеруге көмектеседі. Бұл олардың заңды міндеті емес, бірақ туристерді қиын жағдайдан құтқаратын жақсы тәжірибе.

«Жақында біз баласы бар отбасын шекарадан өткізбей қойғанын көрдік. Себебі бала жүйеде тіркелмеген болып шықты. Кейін белгілі болды, “Беркут” жүйесінен басқа жүйеге мәліметтерді дұрыс енгізбей, оларды жоғалтып алған. Бұл үшін ешкім жауап берген жоқ. Осындай әділетсіздік пен адамның құқығының тапталуын көріп отырмыз», – дейді Инна Рей.

Оның айтуынша, бұл мәселені мемлекет деңгейінде шешу керек. Елден шығуға тыйым салудың нақты критерийлері, қарызды жедел төлеу мүмкіндігі және техникалық қателіктер үшін жауапкершілік күшейтілуі қажет. Олай болмаған жағдайда миллиондаған қазақстандықтардың еркін жүріп-тұру құқығы шектелуі мүмкін.

Өкінішке қарай, Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың шетелге шығу деректерін құпияға айналдырып, жариялауды тоқтатты.