Биыл Таиландтың астанасы Бангкокта өтетін халықаралық “Miss Universe 2025” сұлулық байқауында Қазақстан атынан Қостанай қаласының тұрғыны Дана Алмасова қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 21 жастағы Дана Алмасова – Miss Universe Qazaqstan 2024 атағының иегері. Ол осы жылы әлемдік сұлулық сахнасында ел атынан өнер көрсету құрметіне ие болды.
Дана Қостанайда дүниеге келген, жоғары білімін Түркиядағы Анатолий университетінде алған. Байқауға қатысудағы басты мақсаты – қазақстандық арулардың сұлулығын, дарынын және рухани күшін әлемге таныту, сондай-ақ өз елінің қыздарын өз-өзіне сенуге және жаңа жетістіктерге ұмтылуға шабыттандыру.
«Мен елімді лайықты түрде таныстыру үшін бар күш-жігерімді саламын және үздіктер қатарына енуге тырысамын», – деді Дана Алмасова.
Байқау ұйымдастырушыларының Instagram парақшасында хабарланғандай, кеше Дананы Бангкокқа шығарып салу рәсімі өтті. Қатысушыны 19 қарашаға дейін қарқынды дайындық – жаттығулар, репетициялар және түрлі іс-шаралар күтіп тұр.
Сұлулық байқауының ашылу салтанаты 19 қарашада ұлттық костюмдер көрсетілімінен басталып, финалдық кезең 21 қарашада өтеді.
Айта кетейік, биылғы 74-ші “Miss Universe” байқауына әлемнің 125-тен астам елінен қатысушы арулар жиналады.