Шын мәнінде, электронды сауда инфляцияны емес, керісінше оны тежейтін факторға айналып отырғаны рас па?
Ranking.kz порталы талдау жариялады. Материалда дәстүрлі базарды ығыстырып жатқан онлайн сауданың экономикаға әсері туралы айтылған. Caravan.kz медиа порталының тілшісі толық сараптап көрді.
2025 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да инфляциялық үрдістердің күшейіп келе жатқаны байқалады. Бұл жаһандық жеткізу тізбектеріне, шикізат нарықтарына және валюталық бағамға әсер еткен геосаяси және экономикалық факторлардың жиынтығымен байланысты. Қазан айының қорытындысы бойынша еліміздегі инфляция деңгейі 12,6%-ды құрады, бұл өткен аймен салыстырғанда, 0,3 пайыздық тармаққа төмен. Осы жағдай аясында қоғамда инфляцияның жылдамдауына кім кінәлі екені және нақты қандай факторлар оның қозғаушы күшіне айналғаны туралы қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл жөнінде түрлі пікірлер бар — кейбірі нақты деректерге сүйенсе, енді бірі тек болжамға негізделген. Солардың бірі — елдегі баға өсімін маркетплейстер туындатты деген тұжырым. Алайда бұл пікірді растайтын нақты дәлел жоқ, мұндай мәлімдемелер ресми статистикамен де, аналитикалық деректермен де бекітілмеген.
Шын мәнінде, электронды сауда инфляцияны емес, керісінше оны тежейтін факторға айналып отыр.
Нарық қалай өзгерді
Онлайн сауда пайда болғалы жалпы нарық өзгеріп кетті, деп пікір білдірді саясаттанушы Асхат Қасенғали. Тауар таңдау оңай, түрлі платформаға кіріп, тапсырыс беруге болады. Жеткізілім де тез. Тұтынушыдан айырылып қалмау үшін көп өндірушілер экспресс жеткізілімге жүгінеді. Олар шетелден бірнеше күнде жеткізіп беруі мүмкін, ал бір қалада болсаңыз, бірнеше сағатта жеткізеді. Тауарды постаматтарға салып кетеді. Тауарың қайда келе жатқанын онлайн бақылай аласың. Бұның бәрі нарық үшін күрес деп аталады.
Электрондық сауданың белсенді дамып келе жатқанына қарамастан, Қазақстанда оның үлесі әлі де көп емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы онлайн-сауда бөлшек сауда айналымының шамамен 14%-ын ғана құраған. Ал электрондық сауда құрылымындағы маркетплейстердің үлесі шамамен 85%-ға тең болды. Демек, маркетплейстердің бөлшек саудадағы нақты үлесі аталған 14%-дан әлдеқайда төмен екенін байқауға болады. Салада 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өнімділік дәстүрлі дүкендерге қарағанда 30%-ға жоғары көрсеткішке жеткен.
Супермаркеттерде де осындай күрес жүріп жатыр. Мысалы «Қазақстандық өнімді таңда» деген жазу тұрады. Немесе «Қазақстанда жасалған» деген жазулар бар. Бұл да «отандық өнімді ал» деген мағынада болса керек. Саясаттанушы Асхат Қасенғали отандық өнімді қолдауды арттыру маңызды екенін атап өтті.
«Себебі отандық өнімнің артында сол өнімді жасап шыққан зауыт және сол зауытта жұмыс істейтін жұмысшылар тұр. Зауыт мемлекетке салық төлейді, ал жұмысшылар нәпәқасын табады. Сол үшін де мемлекет отандық өндірушілерді қорғауды басты стратегиялық міндетінің бірі етеді», — дейді сарапшы.
Дүкен сөрелерінде отандық өнімдер үлесін арттыру үшін арнайы бағдарлама іске қосылып жатыр. Бұл қазақстандық тауарларға кемінде 50% орын берілмек деген сөз дейді. Бұл нақты іске асса, тұтынушыға таңдау еркіндігін берумен қатар, жергілікті өндірісті қолдаудың нақты көрінісі болар еді. Жалпы дұрыс бастама.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықтағы сөрелерде азық-түлік тауарларының кемінде 50%-ы, басқа тауарлардың 20%-ы отандық өнім болуын міндеттеп отыр. 2025 жылға дейін 100-ге жуық базар мен сауда орталығын жаңарту көзделген, оған 5,27 млрд теңге бөлінген.
Ішкі саудада маңыздысы сапа мен баға дейді саясаттанушы.
«Қазақстанның азық-түлігі сапалы дей аламын. Макарон өнімдері, шоколад өнімдері, тәттілер және басқасы. Сапасы жақсы. Сол себепті де қолдауға толық лайықты», — деп бағалап өтті сарапшы.
Ал сыртқы сауда экспорттың әлеуетіне келіп тіреледі. Бизнесті қолдаудың «бір терезе» жүйесі деген іске қосылған еді. Оны іске қосуға Президент тапсырма берген. Негізгі мақсаты кәсіпкер бір орталықтан барлық қызметті ала алады. Кеңес алады, құжатын рәсімдейді, қаржыландыру мәселесі бар дегендей, уақытын үнемдейді.
2024 жылы осы «бір терезе» жүйесі арқылы кәсіпкерлерге 394 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 млрд теңгеге көп. Оның 80%-ы орта және жоғары қайта өңдеу салаларына берілген, яғни шикізат емес, дайын өнім өндірісіне басымдық жасалған.
Өнімдерді өзге елде сату үшін павильондар керек дейді сарапшы.
«Чэнду, Үрімжі, Нанкин, Шаньдунда ашылған. Бұл халқы көп ел ғой, тез өтеді. Одан бөлек Өзбекстанның Термезінде ұлттық сауда алаңы іске қосылған. Енді Еуропа елдерінде ашса, өзге нарыққа шығам деген кәсіпкерлерді қолдауды арттырса дұрыс болар еді. Онлайн саудада Alibaba, Doiyin, JDcom сайттарында азын-аулақ қазақстандық өнімдер ұсынылып жүр дегенді оқып қалдым. Бұл жақсы», — дейді сарапшы.
Жалпы осындай нақты секторды қолдау өте маңызды деп түйіндеді саясаттанушы. Өнім шығаратын, оны ішкі-сыртқы нарыққа ұсынатын салаларды дамыту керек. Бұл салалар экономикаға серпін береді, салық төлейді, ал халыққа жұмыс болады.
«Маусымдық туризмді қолдауды еселеп арттыру керек» деген ұсыныстан бұрын, осындай саланы қолдауды арттыру керек», — дейді Асхат Қасенғали.
Офлайн базардың дәуірі бітпеді
Ranking.kz мәліметінше, негізгі тұтынушылық шығындар әлі де дәстүрлі дүкендер мен базарларға тиесілі, ал дәл осы жерде статистика мен тұтыну себетінің негізгі баға көрсеткіштері қалыптасады. Кейбіреулер цифрлық сауда алаңдарын инфляцияның қозғаушысы деп айыптаса да, талдау керісінше жағдайды көрсетіп отыр. Маркетплейстер инфляцияны үдетпейді, керісінше, бәсекелестікті күшейтіп, баға ашықтығын арттыру арқылы оны тежеуге ықпал етеді. Толығырақ төменде қарастырылған.
Бағаның ашықтығы және бәсекелестіктің күшеюі
Маркетплейстердің негізгі ықпалдарының бірі — баға түзілу үдерісін барынша айқын ету. Дәстүрлі офлайн-дүкендерде сатып алушының таңдауы ассортимент пен уақыт тұрғысынан шектеулі болса, онлайн сауда алаңдары керісінше — ондаған сатушыдағы бірдей тауарлардың бағасын бір сәтте салыстыруға жағдай жасайды. Мұндай ашықтық бизнес өкілдерін бағаны шамадан тыс көтермеуге және клиентті сервистің сапасы, жеткізу жылдамдығы мен қосымша бонустар арқылы ұстап қалуға итермелейді. Нәтижесінде нарықта сауатты бәсекелестік қалыптасады, ол компанияларға тауар бағасын жасанды түрде көтеруге мүмкіндік бермейді. Бәсекелестік неғұрлым жоғары болса, баға қысымы соғұрлым төмен болады, осылайша, инфляциялық серпіліс қаупін азайтады. Бұл жағдайда керісінше, дезинфляциялық әсер байқалады.
Шығындарды азайту және құрылымдық үнемдеу
Маркетплейстер тек бәсекелестік қысым тудырып қана қоймай, шығындарды да оңтайландырады. Онлайн-үлгіде жеткізу тізбегінің бірқатар буындары жойылады: сауда алаңдарын жалға алу, қызметкерлер мен қоймалардың ақысы, соңғы нүктеге дейін жеткізу логистикасы. Бұл құрылымдық үнемдеу түпкілікті бағаларды төмендетуге немесе оларды тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді, тіпті, өндірушілердің шығындары өссе де тұрақты болып қалады. Сонымен қатар ірі сауда алаңдарының маңызды құралдарының бірі — динамикалық баға қалыптастыру бағаларды нақты уақыт режимінде бейімдеуге, сұранысқа, маусымдық өзгерістерге және бәсекелестердің әрекетіне жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл нарық тиімділігін арттырады.
Дезинфляциялық фактор — акциялар, жеңілдіктер және промокодтар
Маркетплейстер баға икемділігі мәдениетін қалыптастырады. Жаппай сатылымдар, промокодтар, «1+1» акциялары, жеке жеңілдіктер — осы құралдардың барлығы инфляцияның өсуіне қарсы жұмыс істеп, сауданың орташа бағасын төмендетеді. Тіпті жалпы инфляция кезеңдерінде де онлайн сауда алаңдары тұтынушыларға тиімді ұсыныстарды іздеуге мүмкіндік береді, осылайша бағаның қымбаттау әсерін жеңілдетеді.
Сауданың цифрландыруы — тұрақтылық факторы
Маркетплейстердің дамуы тек технологиялық үрдіс қана емес, ол тұтыну нарығының тұрақтылығын арттыратын жүйелік үрдіс болып табылады. Цифрлық арналар арқылы шағын және орта бизнес үлкен аудиторияға қол жеткізе алады, инфрақұрылымға ірі инвестиция салудың қажеті жоқ. Бұл кіріс кедергілерін азайтып, ұсынысты кеңейтеді — бұл тағы бір дезинфляциялық фактор болып табылады. Сондай-ақ цифрландыру мемлекетке бағаның қалыптасуын, салық түсімдерін және нарықтық үрдістерді тиімді қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, онлайн-сауда экономиканың ашықтығын арттырып, баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.
Бөлшек және онлайн-сауда — тауарлық тізбек
Қазақстандағы сауда көлемінің ең үлкен бөлігі көтерме саудаға тиесілі, ал бөлшек сауда үлесі аз, оның ішінде электрондық сауда тек 14%-ды құрайды. Осыған байланысты тағы бір маңызды факторға назар аударайық — тауарлық тізбектің ұзындығы. Офлайн сауда жасаған кезде тауарлық тізбек мынадай болады: өндіруші (+ өзіндік құннан үстеме баға) → көтерме сатушы (логистика + қойма + көтерме үстеме баға) → бөлшек сатушы (жалға алу + қызметкер + жарнама + комиссия + салықтар + маржа) → соңғы сатып алушы (қорытынды бөлшек баға). Бұған қоса: кейде көтерме сатушы мен өндіруші, сондай-ақ көтерме сатушы мен бөлшек сатушы арасында қосымша қатысушылар болуы мүмкін — екінші деңгейлі дистрибьюторлар, «көмекшілер», делдалдар, логистикалық операторлар. Олардың әрқайсысы шағын комиссиялық үстеме баға қосады, ол соңғы бағаның өсуіне әкеліп соғады. Жалпы алғанда, бір тауарға қатысты осындай ұзын тізбек Қазақстандағы сауданың негізгі мәселелерінің бірі болып саналады: бұл туралы үкімет бірнеше мәрте ескертіп, нақты шаралар қабылдауға шақырған. Ал онлайн-саудада тауарлық тізбек айтарлықтай қысқа болады, демек, соңғы баға төмен болуы мүмкін, бірақ сатылым үлгісі бойынша өзгеруі де мүмкін.
Осылайша, Қазақстандағы маркетплейстер инфляцияның қозғаушысы болып есептелмейді. Керісінше, олар бағаны тежеуге ықпал ететін бәсекелестік, ашықтық және цифрлық тиімділік ортасын қалыптастырады. Офлайн-ритейл әлі де басымдыққа ие болғандықтан, e-commerce-тің инфляцияға әсері объективті түрде шектеулі болып тұр. Десе де, сауданы цифрландыру арқылы бұл сектор бағаның өсуінің көзі емес, керісінше оны тұрақтандыру құралына айналуы мүмкін — нарықта тек сапалы әрі бағасы әділ тауарды ұсынған кәсіпкер табысқа жетеді.