2025 жылдың маусымындағы жағдай бойынша Қазақстанда тура 90 қала бар.
Алайда олардың жартысынан астамы қараң қала бастаған шағын, моно қалалар.
Заң бойынша 10 мыңнан аз тұрғыны қалғандары ауылға айналуға тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2021 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, облыстық мәслихаттарға аты бар, заты жоқ қалалардың мәртебесін ауылға өзгерту құқығы берілді.
Бірақ аймақ басшылықтары шағын қалаларға арналған дотациялардан айрылып қалмау үшін көлеңкесі ғана қалған шаһарлардың ескі статусына кенедей жабысып, айрылғысы келмейді.
Депутаттардың байламынша, мұндай көзқарастың салдарынан қарапайым тұрғындар зардап шегеді. Сондай-ақ, бұл теріс ұстаным мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нұқсан келтіріп, облыс орталығынан шалғай орналасқан және шекара маңындағы шағын қалаларды заман талабына сай дамытуға кедергі болуда.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ тарихы мен тағылымы мол қала – Қарағанды облысындағы Қарқаралыны мысалға келтірді. Ежелден Орталық Азиядан, Қытайдан Сібірге қарай жол тартқан керуен жолдарының қиылысқан жері, тоғыз жолдың торабы ретінде ол сауда, өнеркәсіп, мәдениет және білім берудің маңызды орталығы болды.
XIX ғасырда қала мәртебесі берілген Қарқаралыға былтыр 200 жыл толды. Кеңес дәуірінде ол қала мәртебесінен айырылды. 2020 жылы қала мәртебесі қайтарылған.
"Қарқаралыда қала мәртебесінің болуына қарамастан, әлеуметтік және қоғамдық қызметтердің сапасы көршілес аудан орталықтарынан әлдеқайда төмен! Халқының саны небары 9 258 адамды құрайды. Бұл "Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңы бойынша аудандық маңызы бар қалаларға қойылатын халық санының ең төменгі шегінен – 10 мың тұрғыннан кем", – деді мәжілісмен.
Қарқаралылықтардың негізгі кәсібі – сауда-саттық, мал шаруашылығы, туризм және бюджеттік мекемелердегі жұмыс.
Ү.Шапақ Қарқаралы қала мәртебесін алғаннан кейін оның тұрғындары "Ауыл – ел бесігі", "Дипломмен ауылға!" сияқты бағдарламалардан тыс қалғанына назар аудартты. Облыс орталығынан шалғай орналасуына байланысты қаланың даму қарқыны баяу, инвестициялық тартымдылығы төмен, инфрақұрылымы нашар.
Бюджеттік мекемелерде мамандар тапшылығы байқалады. Мәселен, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ветеринарлар мен мемлекеттік қызметшілер көтерме жалақы, үстемеақы ала алмайды және тұрғын үй алу үшін бюджеттік несиеден қағылды.
Қалада әсіресе, жаратылыстану және бейіндік пәндер мұғалімдері тапшы. Жас мамандар шалғайдағы Қарқаралыдан гөрі облыс орталығына жақын елді мекендерді таңдайды. Кез келген қаланың дамуына жастар мен білікті кадрлар ықпал етеді.
"Егер "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы аясында қолдау көрсетсе, бұл Қарқаралының дамуына жаңа серпін береді. Арнайы мембағдарламалар қажетті кадр тарту арқылы білім және медицина саласын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, мәдени нысандарды жөндеуге, туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл қала тұрғындары табысының 25%-ға артуына ықпал етеді", – деді Шапақ.
Аталған мәселелер шешімін таппаса, Қарқаралы қала мәртебесінен айырылуы мүмкін. Жұмыс орындарының жоқтығынан қала тұрғындары, әсіресе жастар үлкен қалаларға көшуге мәжбүр болады.
Қазақстанда Қарқаралыдан басқа аудандық маңызы бар 47 қала бар. Соның ішінде халқының саны 10 мыңнан азайып кеткені – 8 қала. Мысалы, Темір қаласында – 2 151 адам, Шар қаласында – 6 708 адам қалған. Мұндай шаһарлардың саны көбейіп келеді.
Бұл қалалар да өз мәртебесіне байланысты мемлекеттік қолдаудан шеттетілді. Соның салдарынан инфрақұрылымның әлсіздігі, кадр тапшылығы, кәсіпкерліктің баяу дамуы және халықтың төмен табысы сияқты проблемаларға тап болды.
Депутаттардың айтуынша, халқы қарқынды азайып бара жатқан қалаларға шұғыл түрде тиісті көмек көрсетілмесе, олардың бәріне бірнеше жылда қаңырап бос қалу қаупі төнеді.
Сол себепті Үкімет басшысына жүгінген бір топ Мәжіліс депутаты одан қазіргі кезде ауылдық елді мекендерді қолдауға бағытталған басты бағдарламалар – "Дипломмен ауылға!" және "Ауыл ел бесігі" бағдарламаларына шағын қалаларды да қосуды сұрады.
Бірақ Үкімет бұдан бас тартып отыр. Мұны мәжілісмендерге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Ол жойылудың аз-ақ алдында тұрған шаһарларға қатысты екі "жаман жаңалығын" жариялады.
Біріншіден, олардың барлық қажеттілігін өтеп, толыққанды өркендету, тиісті жобаларын қаржыландыру үшін бюджетте қаражат жоқ. Екіншіден, егер ауылды дамыту бағдарламасына қалаларды да қосса, ауылға ақша жетпей қалады.
Түсіндіре кететін жайт, "Дипломмен ауылға" жобасы аясында ауылға қоныс аударған әрбір маманға 100 АЕК (393,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуы не өзі салып алуы үшін 15 жылға дейінгі мерзімге 2 500 АЕК (9,8 миллион теңгеден) аспайтын сомада, жылдық 0,01% ставкамен бюджеттік несие ұсынылады.
"Егер осы жобаға шағын қалаларды қоссақ және тиісті әлеуметтік қолдау шараларын қалаларға таратсақ, онда мамандар ауылдардан соларға кетіп қалады. Бұл ауылдарда кадр тапшылығының ары қарай ушығуына соқтырады. Айта кету керек, жобаны іске асыру ауылдық жерлерде білім беру, медициналық және басқа да қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді", – деді Роман Скляр.
Бұдан бөлек, 2019 жылдан бері "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді, жайлы өмір сүру ортасын құруды, ең бастысы – ауыл тұрғындары төл бизнесін ашуы үшін тегін гранттар мен арзан несие таратуды көздейді.
Мәселен, 2019-2024 жылдар кезеңінде "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында мемлекеттік бюджеттен 2,6 мың тірек және спутниктік ауылдарда 6,6 мыңнан астам жобаны іске асыру үшін жарты триллионнан астам, 524 миллиард теңге бөлінді.
Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 772 нысанды, 2,1 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам кентішілік жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.
Биылғы 2025 жылы 500 ауылдық елді мекенде 1 мың жобаны іске асыру қарастырылған. Оған 176,4 миллиард теңге бағытталды.
"Бұл ретте шағын қалаларды осы бағдарламаларға қосу мүмкін емес! Себебі, солай жасасақ, бұл бюджет қаражатына қосымша жүктеме түсіреді. Бұл өз кезегінде ауылдық инфрақұрылымды дамытуға көзделген қаржыландыру көлемінің жетпей қалуына алып келуі мүмкін. Жалпы, шағын қалаларды дамыту мәселесі Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Жыл сайын шағын қалаларды дамытуға бюджет мүмкіндіктеріне қарай қаражат бөлінеді", – деді бірінші вице-премьер Роман Скляр.
Яғни, қалдықты қағидатпен қаржыландыру жалғасады. Нақтыласақ, өңірлерді дамытуға жауапты Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында Қазақстандағы 47 моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға 2022-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен небары 94,7 млрд теңге берілген.
Республикадағы барлық моно және шағын қалаларға шаққанда, жылына бәріне жалпы сомасы 23 миллиард теңге ғана тиді. Салыстырғанда, бір ғана Алматы мегаполисінде бір ғана 2025 жылы 300 шақырым жолды орташа жөндеуге және 30 шақырым тротуарды жөндеуге 35,8 миллиард теңге қарастырылған.
Мұндай жағдайда тығырықтан түртіп шығарар серпінді жобалары болмағандықтан әрі толымды қаржыландырудан қағылғандықтан, шағын және моно қалалардың бейбіт күнде жермен-жексен қирауы жалғасуы ықтимал.