Алматыда жыл басынан бері телефон алаяқтары екі жарым мыңнан аса қылмыс жасаған, деп хабарлайды 24KZ. Оларға қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген.

Алматы облысының тұрғыны Бағдат Төлемісова – жәбірленушінің бірі. Оған Альбина есімді бейтаныс жан: «Кәсіп бастауға 20 млн теңге қайтарымсыз грант алып беремін» – деп уәде еткен. Еңбегі үшін 2 млн теңгені алдын ала алған. Дүкен ашсам деген Бағдат енді үш айдан бері 20 млн теңге былай тұрсын, берген ақшасын қайтара алмай жүр.

Бағдат Төлемісова, жәбірленуші:

- Ақшамды қайтарып берсін. Өзім балама 1 миллион кредит алғыздым, өзім 1 миллион кредит алдым. 2 миллионды бердім, 10 минуттың арасында қалай беріп қойғанымды өзім де білмеймін, шынымды айтсам. Ол маған: «10 күннің ішінде болады. Қайтарымсыз грант аласың», – деп айтты.

Аты аталған Альбина Бағдат Төлемісова сияқты 23 адамнан ақша жинап алыпты. Қазіргі шығынның жалпы сомасы 30 млн теңгеден асады. Алданғанын түсінген тұрғындар полицияға арыз жазды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, телефон алаяқтары жалғызбасты қарттардың атынан несие рәсімдеп, мүлкін тартып алған. «Мұндай әрекетті көбінесе шетел азаматтары жасайды», – дейді тәртіп сақшылары.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Интернеттің қарқынды дамуымен, әрине, алаяқтардың айласы да көбейіп кетеді. Мысалы, бүгін бір түрі болса, ертең екінші түрі пайда болады. Оған әрқашан азаматтар дайын болу керек. Өзіне тиесілі мәліметті ешқашан еш жерге жүктей салмау керек. Күмәнді сілтемелер арқылы өтпеу керек. Оның барлығы сақтық шаралары.

Қаржылық алаяқтықтың кең таралған тағы бір түрі – қаржы пирамидасы. Алданғандар саны да көп, шығын сомасы да аз емес. Республика бойынша жарты жылда 43 қаржы пирамидасына қатысты 92 іс тіркелген. 428 адам 733 млн теңгесінен айырылған.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Қаржы пирамидаларының негізгі белгілеріне келетін болсақ, әрине, бұл ең әуелі жоғары табыс уәде етілуі. Көбіне адамдар осы жоғары табысқа алданады. «Жоғары пайыз береміз», дейді. Десе де бұл алаяқтықтың белгісі. Жаңа адамдарды тартуды талап етсе, оған да сақ болу керек. Егер табыс тек басқа адамдарды шақыру ғана арқылы түссе, ол қаржы пирамидасы.

Былтыр 45 қаржы пирамидасы жойылған. Салымшылар берген 20 млрд теңгенің 13 миллиарды ғана қайтарылған. Қаржы пирамидасын ұйымдастырған 78 адам сотталыпты. 15 мың заңсыз сайт және 300 мыңнан аса чат бұғатталған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон