Айсбергтен көлемі 60 пен 300 шаршы шақырым аралығындағы үш ірі мұз бөлігі бөлініп кеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлемдегі ең ірі айсберг A23a жаздың үш айында шамамен мың шаршы шақырым аумағын жоғалтты, деп хабарлады Арктика және Антарктика зерттеу институты.
Маусым айының басында A23a аумағы 2730 шаршы шақырым болса (Мәскеу қаласының аумағына тең), қыркүйекке қарай ол 1750 шаршы шақырымға дейін қысқарған. Бұл шамамен Санкт-Петербургтің аумағымен бірдей.
1 қыркүйектегі дерек бойынша, айсберг Атлант мұхитындағы Оңтүстік Джорджия аралынан 70 шақырым солтүстікке қарай қалқып жүр.
A23a айсбергі алғаш рет 1986 жылы Батыс Антарктидадағы Фильхнер мұз айдынынан бөлініп шыққан. Ол кезде оның ауданы 4170 шаршы шақырым болған. Айсберг 30 жылдан астам Уэдделл теңізінің таяз бөлігінде тұрып, кейін Антарктида жағалауы бойымен қозғалды. 2023 жылдың қарашасында ол мұхитқа шығып, 2025 жылдың басында Оңтүстік Джорджияға жақындады.