Келесі жылы әр самокаттың жылдамдығын бақылайтын телеграмм бот іске қосылады. Полицейлер мен жалға беруші компаниялар осындай мәмілеге келді. Бұл қос дөңгелекті құралдан келетін қауіпті азайтуға көмектесу керек. Ал әзірге самокаттың қатысуымен болған жол апаттары азаймай тұр. Бір ғана Астанада жыл басынан 31 жол-көлік оқиғасы болған. Самокаттарды көрінген жерге тастап кетушілерді де тәртіпке келтіре алмай жүрміз.

Әлішер Әли, тілші

- Ат жаманы жолда қалдырады деуші еді атам қазақ. Бүгінде керісінше жетер жерімізге жетіп алып, астымыздағы қос дөңгелекті көлігімізді қалай болса солай қойып кетіп жүрміз. Бұның салдары жаяу жүргіншіге де, көлік тізгіндеген жүргізушіге де зияның тигізіп жатыр.

Бас қалада самокаттар үшін арнайы белгіленген 2000-ға жуық тұрақ бар. Яғни кез келген жерге тастай салуға болмайды. Cол себепті адам көп жүретін жерлерге радиусы 10 метрді құрайтын тұрақтар қойылған.

Әлібек Әбілқасов, «Jet» Астана қалалысындағы филиалдың директоры:

- Самокаттарды кез келген жерге қалдыруға болмайды. Ол үшін арнайы орындар қарастырылған. Кептеліс басталып, тіршілік қызғанда жалға алушылардың саны күрт артады. Сонымен бірге қолданушылар 90 теңге төлеп, сақтындыру қызметін қоса алады. Ол 400 мың теңгеге дейінгі залалдарды өтейді. Ал түнде самокат тізгіндейтіндер арнайы шағылыстырушы киім не аксессуары болуы қажет.

Қос дөңгелекті көлік тізгіндеу жай ғана қозғалыс емес, жауапкершілікті талап ететін әрекет. Қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда заң бойынша әкімшілік жауапкершілік бар.

Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Егер самокат белгіленбеген жерде тұрса, не болмаса жүргіншілерге кедергі туғызатын жағдайда электросамокат кімге тиесілі, сол мекемеге айыппұлдар салынады. Ал егер де жаяу жүргіншілерге арналған жолда, мысалы, жүретін жағдай болса, ол жаяу жүргіншіге кедергі туғызбау керек және оның салдарынан жаяу жүргінші өзінің бағытын ауыстыруға тиісті емес.

Бұл қыркүйектің басында болған оқиға. Абырой болғанда сәби дін аман. Иә, бұған көзіміз әбден үйренген. Ғаламторды ашып қалсақ мұндай жайттарды жиі байқаймыз. Самокат тізгіндегендердің құрбаны болған жандар соңғы кезде тым жиіледі. Жақында ғана кинорежиссёр Қанағат Мұстафиннің де анасын самокат соғып, аяқ-қолын көгерткен.

Қанағат Мұстафин, кинорежиссёр:

- Мамам үлкен кісі, жасы 71 де. Екі жасөспірім бір самокатка мініп алған, анмды артынан қаққан. Бұларға ешқандай жаза жоқ екен. 14-15 жастағы балалар қалай жалға алған, көрініп тұр ғой жас екендері. «Таудан төмен қарай сырғыта берсең, өзі жүре береді электросамокат емес, самокат ретінде айдадық», — дейді.

Самокат тізгіндегендердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы да аз емес. Мәселен, бір ғана бас қалада жыл басынан бері 31 жол апаты тіркелген. Оның 18-іне кәмелетке толмағандар себепші болды. Осыдан екі жыл бұл бұрын көліктің бұл түрін басқару бойынша заңға өзгеріс енгізілді. Әйтсе де тәртіпке бағынбайтындар көп. Мамандар осылай дейді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

- Біздің елімізде инфрақұрылымды қарайтын болсақ, ондай полосалар аз. Оның саны, әрине, ЖАО берілген ұсыныстар нәтижесінде жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Дегенмен де, веложолақтар болмаған жағдайда онда электр самокат жүргізушілері екіге бөлінеді. Яғни 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар адамдар, жолдың оң жақ шетімен жүруіне рұқсат етілген. Жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспау керек, басында шлем болу керек. Қараңғы мезгілде міндетті түрде жарық қайтарғыш элементтерді қолдану керек. Егер де ол 18 жасқа толмаған болса, жаяу жүргіншілер жолымен жүреді. Ол жерде басымшылық жаяу жүргіншілерге беріледі. Ол жердегі самокат жүргізушілерінің жылдамдығы сағатына 6 шақырым.

Иә, самокат тізгіндегендер жүргіншілер жолында жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауы тиіс. Бірақ желіккен жеткіншек бұл межені пысқырмайтын көрінеді. Айталық, жыл басынан бері елде 10 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көшеде тұрған бұл көлік түрін ақысын төлеген кез келген адам теуіп кете беретінін ескерсек, қауіптің азаймайтын түрі бар. Енді қайтпек керек? Әлде самокатты да тіркеу керек пе? Қос дөңгелекті көлік мәселесін Мемлекет басшысы да жолдауда баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қоғамда жүргізу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Электросамокат мәселесіне назар аудару қажет. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолында қозғалысты шектеуге қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілген болатын. Алайда қоғамдық орындардағы жағдай өзгерген жоқ. Азаматтар әлі де қауіпке тап болып отыр.

Астанада 3 кикшеринг компания бар. Олар бас-аяғы 7,5 мың самокатты жалға береді. Жақында қала полициясы дәл осы компанияның өкілдерімен кездесті. Жиында сағатына 25 шақырым жүретін самокаттардың жылдамдығын 15-ке азайту мәселесі қаралды. Сондай-ақ тараптар келер жылы әр самокаттың жылдамдығын бақылайтын телеграмм бот іске қосылатынын айтты.

Авторы: Әлішер Әли