Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесті. Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық салада өзара ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Министр Аида Балаева Қазақстан мен Қытай арасында өнер, кино, театр және медиа бағытында бірқатар табысты жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл екі елдің арасындағы мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп отыр.
2024 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында радио және теледидар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, өткен қыркүйекте Тяньцзинь қаласында «Алтын адам және Ұлы дала» атты халықаралық көрме ұйымдастырылып, Қазақстан мен Қытай музейлерінің ынтымақтастығы нығая түсті.
Қазіргі таңда Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Жібек жолы музейлері мен галереялары Халықаралық альянсының мүшесі атанып, мәдени әріптестікті кеңейтуге атсалысып отыр. 5 маусымда бұл музейде «Қытай өнерінің ой-мақсаттары» атты көрме ашылады. Оған Қытайдың көркемөнер жауһарларынан құралған 50-ге жуық туынды қойылады.
30 мамырда «Астана Опера» театрында Қытайдың атақты композиторы әрі скрипкашысы Сянь Синхайдың 120 жылдығына арналған концерт өтпек. Ал маусым айының ортасында ҚР Ұлттық музейінде Қытай Жібек ұлттық музейінің қолдауымен «Жібек және Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» атты көрме өтеді. Онда қытай жібек маталары мен шай дәстүрлері ұсынылады.
Кездесу барысында тараптар мәдени орталықтар құру бастамасына да назар аударды. Министрдің айтуынша, бұл қадам өзара тәжірибе алмасуға және достық қарым-қатынасты тереңдетуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Елші Хань Чуньлинь Қытайдың ақпараттық саясат, аударма және баспа салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдіріп, қазақстандық әртістерді Қытайдағы мәдени шараларға қатысуға шақырды.
Сондай-ақ кездесуде ақпарат саласындағы жоспарланған бірқатар іс-шаралар талқыланды. Олардың қатарында БАҚ ынтымақтастығы форумы, Си Цзиньпин кітабының тұсаукесері және «Қытай – Орталық Азия» ақпарат агенттіктері форумы бар.
Кездесу соңында Аида Балаева Қазақстан тарапы Қытаймен әріптестікке ашық екенін және бірлескен жобаларға қолдау жалғаса беретінін мәлімдеді.