Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде Үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Комиссияға жұмысын дереу бастауды, жол апатының себептерін жан-жақты тексеруді, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық ететін комиссия құрамында Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің жетекшілері, Ақтөбе облысы әкімдігінің басшылығы бар.

Еске салайық, 23 қазан күні "Самара – Шымкент" автожолында, Белқопа ауылы маңында ауыр жол апаты болды. DAF жүк көлігі мен "Газель" жолаушылар көлігі соқтығысып, 12 адам қаза болды. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша жүк көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен.


Оқи отырыңыз:

Ақтөбе облысында жолаушылар көлігі апатқа ұшырады: 12 адам қаза болып, бес адам ауруханаға түсті