Қазіргі таңда қоғамда мүгедектігі бар адамдарға деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Инклюзивті білім беру, тең мүмкіндік және әлеуметтік бейімдеу мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың бірі — дефектолог.
Caravan.kz медиа порталының тілшісі инклюзия саласындағы маман Шыныгүл Құнанбаевамен осы саладағы өзекті мәселлерді талқылап көрді.
— Қоғамда мүгедектігі бар адамдарға деген қатынас соңғы жылдары өзгерді деп ойлайсыз ба?
— Иә, соңғы жылдары қоғамда айтарлықтай оң өзгеріс бар деп ойлаймын. Бұрын мұндай адамдарға аяушылықпен немесе шеттету тұрғысынан қараса, қазір тең мүмкіндік пен адам құқығына басымдық беріліп келеді. Білім беру жүйесіндегі инклюзияның дамуы, әлеуметтік жобалар мен ақпараттық науқандар қоғам санасын өзгертуде үлкен рөл атқаруда. Әлі де жұмыс көп, бірақ бағыт дұрыс.
— Дефектолог ретінде күнделікті жұмысыңызда инклюзия мен ынтымақты қарым-қатынасты қалай дамытасыз?
 
  — Менің жұмысымның негізгі мақсаты — әр баланың әлеуетін ашу. Ол үшін әр оқушыға жеке тәсіл қолданамын, ата-аналармен және мұғалімдермен тығыз байланыста боламын. Балалар арасында өзара түсіністік пен қолдауды қалыптастыру үшін топтық іс-шаралар, бірлескен жобалар өткіземін. Баланың ерекшелігіне емес, оның қабілетіне назар аудару арқылы инклюзивті орта табиғи түрде қалыптасады.
— Қазіргі таңда қоғамда мүгедектігі бар адамдарға қатысты қандай стереотиптер жиі кездеседі?
— Өкінішке қарай, әлі күнге дейін «мүгедек адам табысқа жете алмайды» деген теріс пікір бар. Кейде оларды тек көмекке мұқтаж немесе тәуелді адам ретінде қабылдайды. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру сапасыз болады деген түсінік те бар. Бұл — ақпараттың жетіспеушілігінен және тәжірибенің аздығынан туындайтын көзқарастар.
— Осындай көзқарастарды өзгерту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Ең алдымен, қоғамға мүгедектігі бар адамдардың табысты өмірлік мысалдарын көбірек көрсету қажет. Олар өнерде, білімде, спортта, ғылымда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Екіншіден, мектептен бастап балаларды теңдік пен сыйластыққа тәрбиелеу маңызды. Үшіншіден, қолжетімді орта — тек инфрақұрылым емес, ол адамның қоғамға толық қатысуына мүмкіндік беретін жүйе. Яғни, көзқарас тек сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде өзгеруі тиіс.
 
                         
                                