Күдіктілердің қатарында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Таза Өскемен" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер 2022-2023 жылдары лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына жүйелі түрде заңсыз аударып отырған.

"Қылмыстық схеманың мәні материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуге негізделген. Құжаттарда жол жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған техника жалдау, сондай-ақ бұрын орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдарды алу туралы жалған деректер көрсетілген", – деп жазды ведомстводан.

Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.

Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен алынған табысына сатып алынған мүлік анықталды: Өскемен қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester маркалы автокөліктер, сондай-ақ жер учаскелері. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.