2025 жылғы қазан айында ҚСЗИ тапсырысы бойынша жүргізілген қоғамдық пікір зерттеу нәтижесіне сәйкес , Қазақстан Республикасы Президентіне халық сенімі жоғары деңгейде сақталуда – бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты хабарлады.

Зерттеу көрсеткендей, Президентке деген халық сенімі 86%-ды құрайды – соңғы жылдары тұрақты сақталып келе жатқан көрсеткіш болып табылады және қоғам тарапынан елдің жаңғырту мен дамыту бағытына қолдаудың тұрақтылығын көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сенім ең жоғары деңгейде жастар арасында тіркелген (90,1%) – жастар арасында Президентке деген сенім олардың жаңашылдыққа, өзгерістерге деген үмітімен тікелей байланысты. Ал аға буын бұл өзгерістердің қалыптасқан өмір салтын бұзбайтын болуын қалайды. Осы екі түрлі көзқарастың тоғысуы елдегі азаматтардың басым бөлігін біріктіретін тұрақты жаңару бағытына негіз болып отыр.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, халықтың Президентке деген сенімі білім деңгейінің өсуімен қатар артып келеді – білімді адамдар реформалардың бағытталған, жүйелі және саналы түрде жүзеге асырылып жатқанын көбірек түсінеді.

Президентке сенім тек қала тұрғындары арасында ғана емес (85%), ауыл тұрғындары арасында да жоғары (87,6%) – ауыл тұрғындары мемлекетпен тікелей инфрақұрылым, бағдарламалар және төлемдер арқылы байланысты болса, қала тұрғындары сенімді өзгерістерді жүйе ретінде қабылдауымен байланыстырады.

Сонымен қатар, ерлер де, әйелдер де Президентке тең дәрежеде сенім білдіреді – тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім тек бір жынысқа тән емес, керісінше барлық азаматтарда "мемлекеттің бағыты берік сақталуы тиіс" деген ортақ түсінік қалыптасқан.

Қоғамдағы сенімнің әлеуметтік портреті ел ішіндегі келісім мен тұтастықты айқындайды – әр әлеуметтік топ сенімнің себептерін өз түсінігімен түсіндірсе де, барлығының ортақ тілегі бір: Қазақстанның тұрақты, сабақтастығы сақталған және әділетті дамуы.

Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында өткізілді – іріктеме көлемі 8000 респондентті құрады. Зерттеуге 17 облыс және 3 республикалық маңызы бар қала – Астана, Алматы, Шымкент қалаларының 18 жастан асқан тұрғындары қатысқан.