Шымкентте туризмді дамытудың тұжырымдамасы жасалып, креативті хаб құрылды. «Туристерді әсіресе ұлттық өнер қызықтырады», — дейді мамандар. Сырттан келгендер дәстүрлі қолөнермен танысып, ұлттық нақыштағы бұйымдарды көреді . Тіпті шебермен бірлесе жасауына болады. Осылайша, этнотуризм мәдени мұраны насихаттаудың ерекше үлгісіне айналмақ. Жалпы биыл қалаға 250 мыңнан астам турист келген.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, қаланың туристік тартымдылығын арттыру мақсатында этнотуризм бағыттын қатар дамыту қолға алынды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан тілші:

- Бүгінде креативті индустрия саласында үш мыңға жуық шымкенттік жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес өкілдері қолөнер, зергерлік, бейнелеу өнері, дизайн және контент жасаумен айналысады. Олардың өзара үйлесімді әрекет етіп, тың жобаларды жүзеге асыруы үшін арнайы ХАБ ашылған.

Креативті хабта шығармашылыққа бейім жандар бас қосқан. Олардың тәжірибесі тоғысқанда түрлі фестиваль, сән көрсетілімдері, семинарлар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Туристерге этностильдегі бұйымдар, құрақ түрлері, зергерлік өнімдер заманауи форматта ұсынылып жатыр.

Бибіхадиша Жетібаева, қолөнер шебері:

- Қызғалдақ көктемнің дала гүлі. Енді осы қызғалдақты осыған салып, біз жастық етіп шығардық. Арамыздан осыны жоба қылып алып шықсақ қалай болады деп бір қыз шықты. Енді біз Шымкент қаласының символын наурызға дайындап отырмыз. Шеберлер, қолөнершілер топтасып, қызғалдақты жайсақ па деп отырмыз.

Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығында да ұлттық құндылықтар ұлықталады. Қазақ халқының бай мәдени мұрасы, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан құнды ұйымдардың шығу тарихы таныстырылады. Осы мақсатта «Ер-тұрманым күмістен» атты республикалық шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шеберлердің таңдаулы туындысы көпшілік назарына ұсынылып, «ат ерттеу», «үзеңгінің астынан өткізу» және «тоқым қағар» сияқты рәсімдер дәріптелді.

Құрбанәлі Ағаділов, ағаш шебері:

- Демалғанда ер жастанып, тоқым төсеніп жатты. Ауыл шаруашылығы мен мал бағуда жайдақ жүрмеді. Қазіргі күннің өзінде біздің ұлттық спортымыздың 70% ат үстінде болады. Салт-дәстүріміздегі ең үлкен киіз үйден кейін ер тұрман тұрады.

Шымкент турист саны бойынша елдегі үздік бестіктің қатарына енді. Биыл 250 мыңнан астам адам тарихи, мәдени және экологиялық бағыттарға саяхат жасаған. Олардың демалысын қызықты ұйымдастыру үшін мемлекет тарапынан креативті индустрия өкілдеріне қолдау көрсетіледі.

Ерлан Омаров, Туристік ақпарат орталығының басшысы:

- Биыл арнайы конкурс грант тағайындадық қайтарымсыз. Креативті индустрия саласында арнайы жеңілдетілген салық қарастырылған. Фонд ашылып жатыр. Мемлекеттен және басқарма тарапынан әр-түрлі шығармашылық өкілдеріне жағдай жасалып жатыр.

Соңғы жылдары шетелден келетін турист қатары артқан. Қалаға Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Қытай, Үндістан және Америка азаматтары табан тіреген. Сала мамандарының айтуынша, оларды ұлттық тағамдар мен қонақжайлық қызықтырады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов