Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев елдегі туристік нысандарға кіретін шетелдіктерге басқа баға қоюды ұсынды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бұл бастаманы бірнеше мәрте көтерген.
"Туристік нысандарға кіру ақысы екі түрлі болуы: өзіміздің қазақстандықтарға немесе шетел азаматтарына. Мына тұрған Өзбекстанның өзі, Түркияда, мен көрген Вьетнамда, Таиландта жай саябаққа кіру өз азаматтары үшін теңгеге шаққанда 250-300 теңге болады да, ал өзге елдің туристеріне 10-15 есе бағада болады. Бізде осыны ұсынып едім, "жоқ, туристер келмей қояды" дегендей бір уәж айтты. Шыны керек, оны толық түсіне алмадым. Қашанғы сырттан келетін қонақтардың ығына қарай жығыла береміз?! Мысалы орта есеппен Алматының ботаникалық бағы немесе Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кіру ақысы — 1000 теңге, шетелдік турисіне ол — 2 доллар. Қытайдан турист көп келіп жатыр дейміз. Юаньға шаққанда, 10-14-ақ юань. Олар үшін садақа ақша ғой айналып келген кезде", — деді депутат.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев депутаттың сауалына жауап берді. Шенеуніктің айтуынша, қазір негізгі мақсат — шетелдік туристі көбейту. Былтырдың қорытындысы бойынша Қазақстанға шамамен 15 млн шетелдік азамат келген.
"Басқа баға қоятын болсақ, қазақтың қонақжайлығына әсерін тигізеді деп айтуға да болады. Сіздің қойған сұрағыңызды екінші оқылымға дейін қарастырайық", — деді министрлік өкілі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!