Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панетта, Кэрол Миллер, Билл Хайзенга және Сидни Камлагер-Давпен кездесті . Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қосқан үлестері үшін конгрессмендерге алғыс айтты.

Джимми Панетта басқаратын «АҚШ-Қазақстан» достық тобы екі елдің саяси және экономикалық байланыстарын дамытуға зор үлес қосып келе жатқанын да атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев конгрессмендерге елімізде жүріп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет беріп, оларды Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде АҚШ парламентінің өкілдері Қазақстанның дамуына жоғары баға беріп, өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендерін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- АҚШ – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Бұл Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестицияның 80 пайызына тең.