Бүгінде еліміздің мыңнан астам мектебінде оқушыларды дрон басқаруға баулитын үйірмелер ашылған, деп хабарлайды 24KZ. Қосымша 24 техникалық шығармашылық орталық жұмыс істеп тұр. Мәселен, оралдық ұстаз Айбек Мирғалиев жұмысын одан әрі жетілдіру үшін жеке демеушілердің көмегімен FPV дрондарын алып, балаларды жаттықтырып жүр.
Оралдық Айбек Мирғалиев 2 жылдан бері STEM білім беру жүйесі арқылы балаларға дрон басқарудың қыр-сырын үйретіп жүр. Қазір облыстық деңгейде тегін үйірме ашып, 60-тан астам оқушыны дайындап жатыр. Тіпті ол техникалық шығармашылық орталықтың мүмкіндігін арттырып, FPV секілді ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды алдырған.
Айбек Мирғалиев, БҚО Техникалық шығармашылық орталығы авиа үлгілеу үйірмесінің жетекшісі:
- FPV дронның тек киноиндустрия, құрылыс саласында қажеттілігі көп. Қазір құтқару шараларына керек болады. Соңғы уақытта әскери салада да қажет. Былай айтқанда, беспилотниктерді дайындауымыз керек қой. Мысалы, бізге 4-5-сыныптардан келіп жатыр. Олар 4-5 жылдан кейін әскери салаларда қызмет етеді. Әскери борышын өтеген кезде көп пайдасын тигізеді деген ойдамыз.
Оқушылар үйірмеде дрондарды құрастыру мен бағдарламалау дағдыларын меңгереді. Техникалық ойлау қабілетін арттырып, инженерлік-практикалық дағдыларын жетілдіреді.
Айбек Мирғалиев, БҚО Техникалық шығармашылық орталығы авиа үлгілеу үйірмесінің жетекшісі:
- Авиамоделизм техникалық спорт түріне жатады. Әлемдік дамыған мемлекеттер осы саланы бірінші орынға қояды. Біздің орталықта балалар заман талабы бойынша программа сызбасын сызып, станоктармен кесіп, өздері құрастырады. Әр моторын, кВт «контролін» есептеп, сосын ұшақтың тепе-теңдігін есептеп үйренеді. Былай айтқанда, болашақ инженерлерді осы салада дайындаймыз.
Ұстаз шәкірттерінен дәл осы дрон саласында үлкен үміт күтеді. Себебі олар республикалық сайыстар мен халықаралық жарыстарда жүлдеге ілігіп, көпшілікті таңғалдырып жүр. Қазір АҚШ-та өтетін Multi GP лигасына қызу дайындалып жатыр.
Әлихан Нысанбай, оқушы:
- Орталық Азия чемпионатына бардым. Сонда бірінші орын алып, Америкадағы әлем чемпионатына жолдама алдым. Мен 2 жыл бұрын авиаға келдім. Біз авиамоделизммен айналыстық. 1 жылдан кейін дрон шықты. Сосын біз дронды біліп басқардық.
Меңдібек Темірханов, оқушы:
- Мен Бәйтерек ауданы Байқоңыс ауылынан келіп, осы үйірмеге қатысамын. Біз мұнда ұшақтардың модельдерін жасауды үйренеміз. Бұл үйірмеге балалар ұшқыш боламыз деп келмейді. Инженер боламыз деп келеді. Өйткені біз мұнда модельдің қаңқасын сызып, ішіндегі электродын қосып үйренеміз.
Тіпті оралдық өрендер былтыр Казан қаласында өткен «Болашақ ойындарына» қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Енді Президенттің пәрменімен 2026 жылы өз елімізде өтетін сайыста бақ сынайды. Соған дайындалу үшін жергілікті басқармалар мен кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетсе деген өтініші бар.
Авторлары: Мерей Қанапия, Болат Жарылғасов