Қазір әлемде жеуге жарамды балықтың 50%-тен астамы қолдан өсіріледі, деп хабарлайды 24kz.
Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Өйткені табиғи теңіз балығын шектен тыс аулау салдарынан олардың сан алуан түрі жойылып кетті. Бірақ әлемнің көптеген елінде аквашаруашылық қарқынды дамып келеді. Қазір табиғи қорлардың азаюына байланысты бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жалпы табиғи емес қолдан өсірілген азық түрінің адам ағзасына әсері қандай?
Қытай жыл сайын 20 млн тонна балық өсіреді
Әлем бойынша балықты қолдан өсіру шаруашылығы Қытайда кең тараған. Дүниежүзінде өндірістің 60%-тен астамы осы елдің үлесіне тиесілі. Қытай жыл сайын 20 миллион тонна балық өсіреді. Аквашаруашылық шығыстағы көршімізден бөлек Үндістан, Индонезия, Вьетнам, Норвегия, Чили және Бангладеште жақсы дамыған. Табиғи сулар мен тоғандарда ең көп өсірілетін балықтың бірі сазан. Бұл тұқы тұқымдас су жануарын, әсіресе, Қытай мен Азия елдерінде көп өндіреді. Одан кейін жиі кездесетіні Тилапия. Ол бағасы жағынан ең арзан әрі жылдам өсетін балық саналады. Ал, Норвегия, Чилиде ақсерке жоғары сапалы экспорт өнімі ретінде белгілі.
Қалаларда балық өсіру шаруашылығы қарқын алды
Әлем елдерінде қазір балықты қалаларда да өсіру қарқынды дамып келеді. Шаһарларда экологиялық таза балықты арнайы контейнерлер мен резервуарларда өндіруге мүмкіндік бар. Аквашаруашылықта су жануарларына арнайы ақуыз, дәрумен, минерал араласқан жем беріледі. Сәйкесінше, қоректің сапасы мен су тазалығы және қоршаған ортаның басқа да жай-күйіне байланысты өнім әртүрлі болуы мүмкін. Мұндай орындарда санитарлық нормалар және экологиялық стандарттар жіті бақыланады. Кей елдерде өсімдік негізіндегі жемге көшу басталды. Бұл экология үшін пайдалы. Жалпы аквашаруашылық тек балықпен шектелмейді. Көп елде асшаян, балдыр, мидия, жейтін ұлулар сияқты су жәндіктері де өсіріледі. Балдырдан косметика, биоотын, дәрі-дәрмек жасалады.
Аквашаруашылық азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды
Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне сүйенсек, теңіздегі балық түрлерінің 34%-і жойылу алдында тұр. Сол себепті аквашаруашылық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды саланың бірі ретінде қарастырылып отыр. Тіпті қазір ғалымдар балық етін зертханаларда жасанды жолмен дайындауды зерттеп жатыр. Бұл әдіс болашақта табиғатты қорғауға және тұрақты азық өндірісіне оң ықпал етеді деген сенім мол.
Авторлары: Фариза Жанғанаева