Алматы облысының Райымбек ауданында картоп өсіретін «Алтын дән — 1» агроөнеркәсіптік кооперативі «PepsiCo» компаниясымен келісімшарт жасасты.
Кооператив жиналған мол өнімді алпауыт компанияға өткізе бастады. Тәңіртау баурайындағы шаруалар биыл 2300 гектар алқапқа картоп егіп, әр гектардан орта есеппен 250 – 300 центнерден өнім жинап жатыр. Шетелдік элиталық тұқым егіп, су үнемдеу технологиясын енгізгеннен кейін, өнімділік артқан.
«Алтын дән 1» агроөнеркәсіптік кооперативі әлемнің 200-ге жуық елінде алкогольсіз сусын және азық-түлік өндірумен айналысатын «PepsiCo» компаниясымен серіктестік орнатты. Америкалық алпауыт компания шаруашылықты көктемде элиталық картоп тұқымымен қамтамасыз еткен. Агроқұрылым биыл 150 га алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясын енгізді.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- «PepsiCo»-ның берген тұқымын солардың технологиясымен өсіріп шығару. Бірінші тәжірибе бар. Соны көріп, басқа да шаруашылықтар соған тартылып жатыр.
Талабы қатаң болғанымен алпауыт компаниямен жұмыс істеу жергілікті шаруалар үшін өте тиімді. Өйткені кәсіпорын картопты бірден қабылдап алып, шикізаттық өнімді өз қоймаларында сақтайды.
Дулат Құлмамыров, «Алтын дән-1» Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:
- Бізге ең үлкен көмегі тиген жаңбырлатып суғару жүйесіне жергілікті бюджеттен 50 пайыз, республикалық бюджеттен 30 пайыз, жалпы барлығы 80 пайыз субсидия былтырғы жылы күшіне енген болатын. Соның былай айтқанда 100 млн-ын мемлекет қайтарып берді деп айтсақ болады.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Келесі жылы тұқымдық шаруашылық болайын деп тұр. 500 гектарға дейін жері ұлғаяды. Содан кейін тек қана осы Нарынқолдікі емес, сонымен қатар Ақмола, Павлодар, сол жақтың да шаруашылықтары сонымен айналысып жатыр.
Райымбек ауданының шаруалары жергілікті биліктен 10 мың тонна картоп сақтайтын қойма салуға көмек сұрады. Өйткені Нарынқолда өнімді сақтайтын қойма аз. Облыс әкімі сала басшыларына аталған мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов, Аят Дүйсенбаев