Қазақстандағы ең сәтті экологиялық жобалардың бірі – “Алтын дала” әлем назарын тағы аудартты.
Ақбөкендерді қорғауға бағытталған отандық бастаманың бүгіні мен болашағы Кембриджде талқыланды. Британиялық ғалымдар мен халықаралық серіктестер қазақстандық тәжірибені жоғары бағалап отыр.
«Кембридж табиғатты қорғау бастамасы» әлемдегі ең беделді экологиялық ұйымдарды Кембридж университетімен байланыстыратын ынтымақтастық платформасы. Мақсаты ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып жер бетіндегі тіршілік атаулыны сақтап қалу. Мәртебелі ұйымның серіктестері Қазақстанның ақбөкендерді қорғауға қосқан үлесіне жоғары баға беріп отыр.
Ричард Гримметт, Birdlife International табиғатты қорғау желісінің аға кеңесшісі:
- Бұл жобаның ауқымы кең, жетістіктері де мол. Азаматтық қоғам ұйымдары, Қазақстан үкіметі және халықаралық серіктестер арасындағы тығыз әріптестік те жақсы жолға қойылған.
«Алтын Дала» – 20 жылдан бері түз жануарының жойылып кетпеуіне атсалысып келе жатқан ұйым. Қажырлы еңбектің арқасында ақбөкеннің саны 4 миллион басқа жуықтап, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жетті. Оларды қорғайтын аумақтар кеңейіп, жергілікті халық арасында ағарту жұмыстары жүргізілді.
Ұлыбритания, Кембридж
Марк Дэй, «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының тең құрылтайшысы:
-Табиғатты қорғауға бағытталған жобалар құнды, тиімді және көптеген ел үшін қолжетімді. Қазақстан — түрлі тәсілдерді пайдаланып, тәжірибе арқылы үйренуге ұмтылатын елдің бірі. Маған Қазақстанда жұмыс істеген ерекше ұнайды.
Іс-шараға еліміздің биологиялық әралуандылығын сақтау қауымдастығы және Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің өкілдерінен бөлек Франкфурт зоологиялық қоғамы және Құстарды қорғау корольдік қоғамының басшылары қатысты. Олар жетістіктермен қатар, сын-қатерлерді де тізбеледі. Мәселен, ақбөкендердің саны артқан сайын жайылымдар мен шабындықтарға қауіп күшейіп, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Ендігі міндет жануарлардың еті мен мүйізінің заңды саудасын реттеп, экономикаға пайда әкелу болып тұр.
Вера Воронова, Қазақстанның биологиялық әралуандылығын сақтау қауымдастығының атқарушы директоры:
- Олардың мүйізі құнды. Азияда, халықаралық медицина нарығында сұранысқа ие. Сондықтан мүйіздерді жинау, таңбалау, сақтау мәселесін дұрыс ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыстар браконьерліктің қайтадан белең алмауына жол бермеудің амалы.
«Алтын дала» былтыр халықаралық экологиялық жобалар арасында топ жарып, “Ғаламшарды құтқару” сыйлығын иеленді. Ұлыбритания ханзадасы Уильям ұйымға 1 миллион фунт, яғни 700 миллион теңге тарту етті. Бұл жүлде табиғатты қорғауға арналған инфрақұрылымды дамыту мен білім беру бағдарламаларын қаржыландыруға бағытталмақ.
Ұлыбритания, Кембридж
Бір бөлігі прагалық зообақпен келісімге сәйкес алдағы 5 жылда елімізге керқұландарды алып келіп, оларды жерсіндіруге жұмсалады.
Ғалымжан Қараманұлы