Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Барлық саланы қамтитын құжатта 822 бап бар. Сонымен негізгі өзгерістерге тоқталсақ, ақша айналымы 40 миллионнан асатын кәсіпкерлер үшін қосылған құн салығы 16 пайыз болады. Бірақ салықтан түбегейлі босатылатын салалар да бар. Бұл тізімге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару және археология кірді. Ал дәрі-дәрмек саудасы және медициналық қызметтерге 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз қосылған құн салығы салынады. Ал корпоративтік табыс салығы біраз салада бұрынғыдай 20 пайыз болып қалады. Банктер мен ойын бизнесі үшін ең жоғары 25 пайыз мөлшерлеме бекітілді. Шаруалар үшін ештеңе өзгермейді. Олар корпоративтік табыс салығын бұрынғыдай 3 пайыз етіп төлейді.
Жазира Мыңбаева, ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:
Ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерге қосылған құн салығын есепке жатқызу бойынша ҚҚС 70-тен 80 пайызға артып отыр. Бұл оларға салық жүктемесін азайту үшін. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 20 АЕК тен 10 АЕК-ке төмендетіп отыр. Салық есептілігінің 30 пайызға қысқаруы, салық санының 20 пайызға қысқаруы маңызды өзгерістер.
Жаңа салық кодексіне «сән-салтанат» салығы енгізілді. Оны қымбат мүлкі бар азаматтар төлейді. Атап айтсақ, 450 млн теңгеден асатын үй, қымбат көліктер, яхта, кеме үшін алым бар. Сондай-ақ әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Арнаулы салық режимдері де ретке келді. Енді олар үш жағдайда қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильдік қосымша арқылы есептеп, төлей алады. Айта кетсек, кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жәнел Өтеулі