Солтүстік Қазақстан облысында қорғаныс бөгетін реконструкциялауға Үкімет резервінен шамамен 1,4 млрд теңге бөлінді.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл мыңға жуық тұрғыны бар Тепличное ауылын су тасқынынан қорғайды. Жоба аясында автожолдар қалыпқа келтіріліп, темірбетон плиталары төселеді. Дренаж жүйесі жүргізіліп, аумақ абаттандырылады. Президент тапсырмасымен гидрологиялық нысанның жоғарғы деңгейі былтыр су тасқыны кезінде тіркелген шекті межемен теңестіріледі. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу бойынша 57 жоба жүзеге асып жатыр. Оның 13-і жаңа нысан. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Бүгінде 40 кешенде жөндеу жұмысы аяқталды. 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды.