Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Мексиканың байырғы халқы басынан өткерген қайғы мен қасіреті үшін өкініш білдіріп, Испанияның тарихи жауапкершілігін мойындады.
Алайда бұл мәлімдеме ел ішінде үлкен саяси дау туғызды. Парламенттегі оңшыл күштер министрдің отставкаға кетуін талап етсе, қоғамда бұл қадамға қатысты қарама-қарсы пікірлер қалыптасты.
Испания мен Мексика арасындағы ортақ тарихтың ақтаңдақ беттері көп. 1521 жылы Испания қазіргі Мексика аумағын жаулап алып, елді 300 жыл бойы отар ретінде басқарған еді. Сол кезеңде Мехика өркениеті жойылып, байырғы халықтың едәуір бөлігі қырғынға ұшырағанын тарих ұмытқан жоқ. Мексика билігі 6 жыл бұрын Испания королі Фелипе VI мен Рим Папасы Францискке арнайы хат жолдап, Мадридтен тарихи әділетсіздікті ресми түрде мойындауды сұрады. Алайда бұл өтініш жауапсыз қалған еді. Енді міне Испанияның сыртқы істер министрі алғаш рет Мексиканың байырғы халқы бастан өткерген қайғы мен қасіреті үшін өкініш білдірді. Бірақ мұны оппозиция ғана емес, биліктің кей мүшелері де «қажетсіз саяси қадам» деп бағалап, министрдің отставкасын талап етті.
Хосе Мануель Альбарес, Испания Сыртқы істер министрі:
- Әр елдің тарихында көлеңкелі тұстар бар. Біздің еліміздің өткенінде қилы замандармен бірге Мексиканың байырғы халқына жасалған әділетсіздік те болды. Оны мойындап, өкініш білдіру әділ іс. Бұл біздің ортақ тарихымыздың бір бөлігі. Біз оны жоққа шығара алмаймыз.
Мигель Анхель Гарсиа, Мадрид аймақтық үкіметінің ресми өкілі:
- Испанияның ешқашан мұндай әлсіз министрі болған емес. Бұл үкімет әр мүмкіндік туған сайын Испанияның өзін, оның тарихы мен шындығын қаралап келеді. Министр дереу орнын босатуы тиіс.
Министр Альбарестің Мексикаға бағытталған мәлімдемесі елде саяси дағдарыс туғызып, қоғамды екіге бөлді. Бірі оны Испанияның Латын Америкасындағы дипломатиялық беделін әлсіретті деп айыптаса, өзгелері бұл қадамға қолдауын білдірді.
БЛИЦ
1. Азаматтық алу кезінде біздің елде Мексика азаматтарына үлкен жеңілдік жасалады. Бұдан артық тағы қандай көмек керек? Бұл мәлімдеменің дәл қазіргі уақытта еш мәні жоқ.
2. Өркениетті дамыған қоғам және оның билігі осылай істеуі тиіс еді, өте құптаймын
Мексика тарапы Испанияның бұл мәлімдемесін оң қабылдады. Ел президенті Клаудия Шейнбаум Испания үкіметінің ұстанымын құптап, мұндай қадамды тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды бастама деп сипаттады. «Кешірім сұрай білу ұлттарды ұлы етеді» деді.
Хавьер Паредес Алонсо, испан тарихшысы, профессор:
- Тарихтың ауыр кезеңін мойындау ұлттың әлсіздігін емес, оның парасаттылығын айғақтайды. Испанияның ұзақ уақыт үнсіз қалуы тарихи әділеттілік тұрғысынан сынға алынған еді. Қазіргі ұстаным Еуропа мен Латын Америкасы арасындағы қатынастың жаңа кезеңге өткенін көрсетіп отыр.
Министрдің мәлімдемесі төңірегіндегі дау әзірге басылар емес. Премьер-министр Педро Санчес мәселеге қатысты әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. БАҚ пен сарапшылар Испанияның бұл қадамын тарихи жауапкершілікті мойындаудың және өзге мемлекеттерге үлгі боларлық шешім деп бағалап отыр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач