Бүгін Түркия үшін тарихи күн. Елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының (PKK) алғашқы топтары қаруларын тапсыра бастады . Бұл «Террорсыз Түркия» бағдарламасы аясындағы іске асып жатқан аса маңызды кезең.
Ирактың Солтүстік өңіріндегі Сулеймания қаласында Күрдістан жұмысшы партиясының шекара маңындағы топтар келісімге сай қаруларын тапсыра бастады. Іс-шараны Түркия, Ирак және Ирактағы Күрд автономиясы бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Осылайша ұйым өзінің «қақтығыссыз, террорсыз ел» бейнесіне қарай алғашқы қадамдарын бастады.
Девлет Бахчели, Ұлтшылдар қозғалысы партиясы жетекшісі:
- «Террорсыз Түркия» – ұлттық бірлік пен тұрақтылықтың негізі. Белгіленген кесте бойынша қарулар тапсырылса, өткеннің жарасы жазылып, жаңа ғасырдың бағытын айқындаймыз.
Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясы – 1978 жылы құрылған лаңкестік ұйым. Оның мүшелері Түркия аумағында ондаған жыл бойы қарулы шабуылдар мен террорлық әрекеттер ұйымдастырып келді. 40 мыңнан астам адамның өмірін қиған қақтығыс Түркия тарихындағы ең қанды кезеңдерінің бірі болды.
Йылмаз Тунч, Түркия Әділет министрі
- 40 жылдан астам уақыт бойы дамуымызға кедергі болған лаңкестік әрекеттерден ақыры құтылып жатырмыз. Бұл еліміздің тарихындағы, халқымыздың бірлігі мен қауіпсіздігі тұрғысынан аса елеулі оқиға.
Карзан Тарик, жергілікті тұрғын:
- Бұл келісімді біз өте маңызды деп бағалаймыз. Соңғы 30 жылдағы күрдтер үшін ең жақсы үдеріс осы. Біз сәтті аяқталғанын қалаймыз.
Абдулрахман Аббас, жергілікті тұрғын:
- PKK Түркиямен келісімге келуі керек. Соғыс ешқандай пайда әкелмейді. Үміт тек келіссөздерде. Келісім екі жаққа да пайдалы. Адам қанын төгудің не керегі бар?
Ал Күрдістан жұмысшы партиясының жетекшісі Абдулла Оджалан қаруды тастау үдерісі қарсаңында мәлімдеме жасады. Ол ұйымның қарудан бас тарту процесі 11 шілдеде басталатынын жариялап, оның маңыздылығын атап өтті. Бұл Оджаланның 1999 жылдан бергі алғашқы бейне мәлімдемесі.
Абдулла Оджалан, Күрдістан жұмысшы партиясының жетекшісі:
- Күрдістан жұмысшы партиясы ұлттық мемлекет құру мақсатынан бас тартады. Бұл тарихи бетбұрыс. Қаруды тапсырып, қарсылықты тоқтату қоғамдық сенімді арттырып, саяси диалог пен бейбітшілікке жол ашады.
Ұйым өкілдері тапсырған қару-жарақ пен оқ-дәрілер арнайы орындарда жойылады. Іс-шара қыркүйек айына дейін жалғасады. Осымен қатар Түркия аумағында лаңкестік ұйымдастыруға қатыспаған партия мүшелеріне елге оралып, реабилитациядан өтіп, жаңа өмір бастауына мүмкіндік беріледі. Алайда ұйым жетекшілеріне елге кіруге тыйым салынады.
Авторы: Меруерт Қанағат