Аутизмді ерте анықтауға болады. Бұған жасанды интеллектінің көмегімен Батыс ғалымдары жүргізген арнайы зерттеу осыны дәлелдеді .

Өкінішке қарай, аутизмі бар баланың нақты санын айту қиын. Ресми дерек пен шынайы ахуал қабыспауы мүмкін. Өйткені аутистік ауытқудың түрі көп. Отандық ғалым Алмас Шарманның есебіне сүйенсек, әлемдегі әр жүзінші балада аутизм диагнозы болуы ықтимал. Енді осындай балаларды оңалтудың тиімді жолы қайсы? Жасанды интеллектіні пайдалану нәтижелі ме?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елде аутист балаларды анықтау және емдеудің арнайы клиникалық хаттамасы бар. Алайда заман ағымына қарай оңалтуды жетілдіру маңызды. Осы орайда отандық ғалымдар роботты пайдаланудың қыр-сырын пысықтап жатыр. Олар бірнеше жыл қатарынан Астанадағы республикалық оңалту орталығымен етене жұмыс істеді. Тиімділігін байқаған соң, қазақ тілінде бағдарланған ақылды құлтемірлерді өңірлерге жеткізе бастады.

Анар Сандығұлова, Назарбаев университетінің профессоры:

- Біз бақылауға алған балалардың 40 пайызында жақсы нәтиже байқалды. Тіпті кей бүлдіршін өзінің алғашқы сөзін осы роботқа айтып жатты. Роботтың көзіне қарап, назарды ұзақ уақыт ұстауды үйренді. Біз 3 пен 18 жас аралығындағы балалармен жұмыс істейміз. Әр жасқа арналған жеке бағдарлама түземіз. Робот әлеуметтік қабілетке бейім болғандықтан, баланың дамуы жеделдейді. Яғни мониторға қарап қайталағаннан, құлтемірдің қолына, көзіне, қимылына қарап қайталау, яғни шынайы байланыс орнату анағұрлым тиімді болады.

Балаларға жасанды интеллектіге негізделген терапия 7 аймақта қолданылады. Робот олардың даму деңгейін есептеп отырады. Әр балаға ыңғайлы оңалту әдісін бекітеді. Бұл мамандардың жұмысын біршама жеңілдетеді.

Нұрбану Жеңісова, Назарбаев университетінің студенті:

- Лабораторияда жұмыс істеп жүргеніме екі жылдан асып кетті. Басында келген кездегі мақсатым – аутизммен ауыратын балаларға көмектесу. Яғни бізде 2 робот бар, Нау және Фархат. Мен олардың бағдарламаларын жазамын. Мысалы, біз Ақтөбе қаласына барып келдік. Ол жерде мен Нао роботты таныстырдым, тәрбиелеушілер оларды қолданып, нәтижесін көріп жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, 13 мыңға жуық баланың аутистік бұзылысы бар. Кейінгі 5 жылда көрсеткіш 3 есе өскен. Бұған ақауды анықтау тәсілдерінің жетілуі себеп дейді мамандар. Қазір аутизмі бар балалардың дені мектеп жасындағылар. Ал 3 жасқа дейін тіркелген бөбектер саны 400-ге жетпейді. Өйткені аутистік бұзылыс көп жағдайда бірден байқалмайды. Ал батыс ғалымдары: «Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы 2 жасқа дейінгі балалардағы ақауды дәлме-дәл анықтауға болады», — дейді.

Алика Маунакеа, Гавай университетінің профессоры:

- Біздің ойымызша, келешекте жасанды интеллектіні қолдану тиімді бола түседі. 80 пайызы аутизмі бар балаларды ерте анықтауға жәрдемдесуі керек. Бұл үшін арнайы скрининг жасалады.

Елде 70-тен аса балаларды оңалту орталығы бар. Астанадағы мекемеде сенсорлы интеграцияға көңіл бөлінеді. Аутизмі бар балалар үшін түрлі ава терапияға негізделген ноухау әдістер пайдаланыталады.

Гүлдірайхан Жүнісбекова, Балаларды оңалту орталықтарының кураторы:

- Аутист балалармен жұмыста тиімділігі дәлелденген 30 әдісті қолданамыз. Робот терапиясының да пайдасы зор. Бірақ ол бәріне қолжетімді емес. Әрине, бірнеше өңір оны мүмкіндігін көріп жатыр. Біз оған қуаныштымыз. Өзімізде бар мүмкіндіктер де осал емес. Бастысы – жүйелілік.

Анар Сандығұлова, Назарбаев университетінің профессоры:

- Біз әзірге роботтарды жасамаймыз, Франциядан сатып аламыз. Кейін оларды қазақ, орыс тілдеріне бағдарламалаймыз. Өндірісті бастауға әлі ерте деп ойлаймын. Өйткені біз жобамызды жетілдіріп жатырмыз. Түрлі әдісті зерттеп көрмекпіз. Әйтсе де, өңірлерде нәтиже бар. Мамандарды үйретіп жатырмыз.

Әлем елдерінде аутизмі бар балаларды оңалтуда робот сияқты терапиялар қолданылады. Визуалды тренажерлар да бар. Ең бастысы, жасанды интеллектіге негізделген мұндай әдістер балаларды әлеуметке бейімдеуге пайдасын тигізеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғалымжан Абдылахат