Мал мен егін үшін ғана емес, адамға да ауызсу қажет. Мақат кентінде сыйымдылығы 4 мың текше метрлік екі жаңа су қазандығы пайдалануға берілді.
Енді аудан орталығындағы 14 мыңнан астам тұрғын таза су ішеді. Бұл ғана емес. Алда тағы екі қазандық салынады. Жобаға жалпы 980 миллион теңге бөлінген. Бұл нысандар Мақаттың 20 жылдық су қажеттілігін өтей алады. Жалпы кейінгі екі жылда өңірде Қызыл-қоға, Индер, Махамбет аудандарын қоса алғанда 22 ауылдың ауызсу жүйесі жаңартылған. Қазір Атырау облысы тұрғындарының 98 пайызы орталықтандырылған жүйеден таза ауызсу ішіп отыр.
Бір жыл бұрын Мақат кентіндегі су сақтайтын қазандықтардың төбесі опырылып түскен еді. Бұған дейін де 1966 жылы салынған нысандар сыр беріп, тұрғындар су тапшылығын сезіне бастаған. Биыл аудан орталығындағы су сақтайтын қоймаларды жаңарту үшін облыстық бюджеттен 980 млн теңге бөлінген болатын. Қазір алғашқы 2 қазандық жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Айдана Есболатова, Мақат кентінің тұрғыны:
- Бұрынғыға қарағанда күнделікті өз уақытында жүреді. Бұрын енді 4-қабатта тұрған соң сыздықтап судың қысымы аз болатын еді. Қазір енді су қазандығы салынғалы өте жоғары деңгейде. Уақытылы жүріп тұрады.
«Бұл темір бетон қазандықтардың әрқайсысы 2 мың текше метр ауызсу сақтауға арналған. Жоба бойынша осындай бірнеше қазандық салу көзделген. Жаңа су қоймалары заман талабына сай жабдықталатын болады»,- дейді мердігер мекеме өкілі.
Мақсат Шымкентбайұлы, мердігер мекеменің өкілі:
- Бірінші негізгі құрылымы құйылып жатыр. Өте қалыңдатылып, 48 см-мен құйылып келеді. Одан кейін негізгі қабырғасы бұрын 30-32 см болған, қазір біз 40 см-ге қалыңдаттық. Оның барлығы «заманауи ребрестий» дейді, арматурадан жасалып жатыр. Біздің жабындылар түгелімен монолиттен құйылады. Кепілдік 7 жылға беріледі.
Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрғыны бар Мақат кенті мен Бәйгетөбе ауылы толықтай ауызсумен қамтылып отыр. Дегенмен өндірісті аудан өркендеп келе жатқандықтан жаңа жоба алдағы 20 жылдық қажеттілікті қамтуға арналған.
Нұрболат Бөлеков, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Бұл 4 резервуар іске қосылған жағдайда Мақат кенті толықтай 8 мың куб су қосымша қорымен пайдаланылатын болады. Мақат кентінің су тұтынуы мезгілге байланысты күз бен қысқы уақыттарда 1,5 мың куб тәулігіне, жазда ол екі есе көбейіп, 3 мың кубқа барады.
Жалпы соңғы екі жылда облыс бойынша Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарындағы 22 елді мекеннің су тазарту қондырғылары жаңартылған. Бүгінде Атырау облысы тұрғындарын таза, сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетіп отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин