Шетелде тұратын қазақ балалары Бурабайдың баурайында бас қосты, деп хабарлайды 24KZ. Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ираннан келген 300-ге жуық оқушы курорттық аймақта демалып жатыр. Олар аймақтағы тарихи жерлерді аралап, салт-дәстүрмен танысады. Биыл жазғы лагерь бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Қытайдан келген Әуез Тілеу қос ішек домбыраның құлағында ойнайды. Өнерлі өрен 20-ға жуық күй біледі. Жеткіншек болашақта атаменкенге оралып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсуді армандайды.

Әуез Тілеу, оқушы:

- Домбыраға 5 жасымнан бастап қызықтым. Үйде атамның қара домбырасы бар еді. Сол қара домбыраға қарап, қызығып, әзір үйрендім. Құрманғазы атамның, Нұрғиса атамның, Дина апайдың күйі, тағы да Секен атамның күйлерін білемін.

Оқушылардың дені Өзбекстан мен Моңғолиядан келген. Қазақ даласына алғаш қадам басқан балалар таңданысын жасырмайды. Кейбірі тіпті атамекенді аңсап келгенін айтады.

Жанерке Ерсерік, оқушы:

- Мен Қазақстанға алғаш келдім. Кіріп келген кезде жүрегім дүрсілдеді ғой. Білмеймін, бір күшті сезім болды. Мен осы Астанаға көшкім келеді. Біз отбасымызбен толық көшкіміз келеді. Егер осы жаққа көшіп жатсақ, менің арманым қызыл аттестат алып, заңгер оқуын оқу.

Жазғы лагерьде балғындар үшін арнайы демалыс бағдарламасы әзірленген. Негізгі екпін ұлттық құндылықтарға беріледі.

Шоқан Оразалин, Республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры:

- 15 күн бағдарламаның ішінде біздің салт-дәстүрмен, біздің асханамызбен танысу бар. Соның барлығы екі жұмаға бөлінген. Оның үстінде Бурабайды аралап, Көкшенің көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырамыз.

Айгүл Ахметова, «Халық» қорының атқарушы директоры:

- Шетелдегі қандастарымызды ұйытқы болып елімізге тартып, ертең бұл қандастарымызға адами капитал ретінде қарап, қазіргі заман білім экономикасы ғой, сол білім экономикасына шетелдегі қандастарымыз үлес қосады деп сенемін.

Ұйымдастырушылар мұнда келуге ниет білдірген мыңдаған жеткіншек арасында қатаң іріктеу болғанын айтады. Оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан балалар ғана жолдама алды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко