"Барыс" шешуші кезеңде қарсылас қақпасына төрт шайба салды.

Астаналықтар ойынды сенімді бастап, алғашқы минуттарда екі нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Алдымен Райли Уолш мүмкіндікті тиімді пайдаланып, есеп ашты. Артынша Мэйсон Морелли Самат Даниярдың айып алаңына жасаған пасынан кейін шайбаны қақпаға бағыттап, есепті еселей түсті. Қонақтар бұған бірден жауап қатты. Гол авторы Николай Прохоркин.

Екінші кезеңнің жартысына жуығын "Барыс" аз құрамда өткізді және бір сәтте омбылықтар өз басымдығын пайдаланып кетті. Бұл жолы голдың авторы – Дамир Шарипзянов.

Шешуші кезеңнің басында Майкл Веккьоне сол жақ шеңберден бағыттаған қуатты соққысымен "5-ке қарсы 3" форматында шайба соқты. Қазақстандықтардан Әділ Бекетаев биылғы маусымдағы алғашқы голын тіркеді. Кейін Всеволод Логвин Андрей Мишуровтың қателігін пайдаланып, айдын иелерінің басымдығын арттыра түсті. Матчтағы соңғы нүктені Дінмұхаммед Қайыржан қойды. Ол "бүркіттердің" бос қалған қақпасына шайба соқты. Қорытынды есеп елордалықтардың пайдасына 6:2.

Нәтижесінде қазақстандық команда Шығыс конференциясы турнир кестесінде жетінші орынға көтеріліп, 17 ойыннан кейін 16 ұпай жинады.

Алдағы сенбі, 18 қазанда "Барыс" Астанада "Ак Барс" командасын қабылдайды.