Бұдан былай банктер ағымдағы шотында ақша ұстаған азаматтарға да сыйақы төлеуге міндеттеледі.
Енді кез келген тұрғын тіпті саусағын қимылдатпай-ақ табыс таба алады. Бастысы, ағымдағы шотында ақша тұрса болғаны. Себебі, банктер тұтынушы жеке шотында азғантай ғана қаржы ұстағаны үшін де сыйақы төлеуге міндеттелмек. Бірақ, әзірге сыйлықақы мөлшері белгісіз, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ал депутаттар депозит ставкасына қарағанда төменірек белгіленеді деп отыр. Бұдан былай банктер ағымдағы шотында ақша ұстаған азаматтарға да сыйақы төлеуге міндеттелмек. Дәл қазір бүлінген нілдей көңілге сәуле сепкен жаңалықтың бірі осы болып тұр. Әрине, әзірге нүктесі қойылған жоқ. Бірақ жаңа заңға енгізілер күннің ауылы алыс емес секілді. Себебі, депутаттардың бастамасын қаржы нарығын реттеу агенттігі де, Ұлттық банк өкілдері де қолдап отыр. Демек, шотыңызда қаржы жатыр екен, банк пайызын өтейді.
"Осы 4-5 жылдың ішінде осы норманың арқасында мынау екінші дәрежелі банкілер 4 триллионнан астам теңге пайда тапқан. Енді болашақта осындай бассыздықтың, ұятсыздықтың болмауын біз қарастыруымыз керек. Ол пайызы әлі анықталатын болады. Ол енді депозиттен төмендеу болады. Бірақ бәрібір өзіміздің азаматтарымыз пайыз алатын болады", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты: Ерлан Саиров.
Агенттік төрағасы сыйақы төлеу – әлемдік тәжірибеде барына бар, бірақ пайызы тым төмен дейді. Әрі, бұл тыйым банктерде тұрақты қаржыландыру көзі болуы үшін енгізілгенін еске салды. Өйткені, тұтынушы шоттағы қаражатын кез келген уақытта шешіп алады. Сондай-ақ, Әбілқасымова ханым тұтынушылық несиенің өсуі автокредиттің көбеюімен байланысты деп отыр.
"Қарыз алушылардың кредиттерінің портфелін қарасақ, олардың ішінде автокредиттің сегменті өте жоғары. Көп үлес қосып жатқан сол автокредиттер сегменті. Ол қазір кредиттердің ішінде 25 пайызды құрайды. Былтыр 54 пайызға өссе, биыл 35 пайызға өсіп жатыр", – деді ҚР ҚНРДА төрағасы Мадина Әбілқасымова.
Төрағаның айтуынша, шамадан тыс қарыздану мәселесімен күрес тоқтаған жоқ. Мәселен, қазір проблемалық несиесі барларға жаңа қарыз берілмейді. Тіпті мерзімді төлемін бір күн кешіктірген тұтынушылар да кредиттен қағылады. Бұдан бөлек, алуға болатын сома мен мерзімі шектеліп отыр. Ал, Ұлттық банк өкілдері цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші үлгісі екенін айтады. Яғни, қазақстандықтар сандық теңгені күнделікті өмірде қолдана алады.
Мысалы, дүкенде сауда жасап, есеп айырысады. Қалаған адамына аударып жібереді. Және цифрлық теңгемен жасалған қаржылық операцияларды бастан-аяқ бақылауға мүмкіндік болады. Демек, қайдан шықты, кім аударды, қайда түсті, қалай жұмсалды, барлығы көрінеді. Сәйкесінше, қаржы ұрланса, іздеп табу, қайтару да оңай болмақ.