Туризмді дамыту үшін бірінші кезекте жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттыру керек . Саяхат саласы Шығыс Қазақстан облысында ақсап тұр. Өңірде жүздеген шақырымға созылған кейбір жолдарда дәмхана немесе жанармай құю бекеті жоқ. Сондықтан облыстық әкімдік «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлесіп ірі жобаларды қолға алды.
Шығыс өңірі туризмге сұранып-ақ тұр. Таулы өлкенің тұмса табиғатын тамашалауға ниеттілер көп. Бірақ бұған қызмет көрсету саласының төмендігі кедергі. Осыған орай қонақүйлер мен Бұқтырма жағалауында демалыс орындарын, үлкен амфитеатр салу жоспарланып отыр. Ұлжан Сұлтанғазықызы: «Әуелі жол бойындағы қызмет көрсету саласына көңіл бөлінсе», – дейді. Семей тұрғыны Катонқарағайға отбасымен демалуға келіпті.
Ұлжан Сұлтанғазықызы, турист:
- Табиғаты өте керемет, тамаша екен. Бірақ бізге жолдағы қызмет көрсету жеткіліксіз. Балалармен келе жатырмыз. Қол жуатын, тамақ ішетін жерлер жиі кездессе, жақсы болушы еді.
«Мұндағы жол бойында ағаштан салынған мынадай орындар ғана кездеседі. Оның өзі көп емес», – дейді демалушылар. Аудандарда жол бойы қызметінің нашарлығын әкімдік отырысында аймақ басшысы да сынға алып, әр 50 шақырым сайын санитарлық-гигиеналық торап салуды тапсырды.
Нұрбек Тұраров, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Санитарлық-гигиеналық тораптар түсетін 20 орын анықталды. Оның жетеуі облыстық жолдардың бойына салынады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жаздың соңына дейін орнатамыз.
Республикалық маңызға ие жолдарға «ҚазАвтоЖол» мекемесі жауапты. Мұнда заманауи кешендер салынып жатыр. Жергілікті әкімдік электр энергиясы мен су тартып берген. Мысалы, Үлкен Нарынға кіреберістегі мына кешенде жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Нұрбек Темірханов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ОФ директоры:
- Қазір бес жылы әжетхана жұмыс істеп тұр. Оның үшеуі Рахман қайнарына баратын жол бойында. Төртіншісі Шемонаиха бағытында. Қалғаны Тұғыл мен Қалбатау-Майқапшағай жолында.
Жыл соңына дейін республикалық маңызға ие жолдардың бойына осындай бес кешен салынады. Дегенмен мәселе мұнымен толық шешілмейді. Сол себепті жергілікті билік кәсіпкерлерді көптеп тартуға ниетті. Қазірдің өзінде Катонқарағай ауданындағы жолдарда шағын қызмет көрсету орындары ашылып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов, Дмитрий Пыхтин