Қарағанды облысында қаптаған киік 30 мың гектар егістік алқапты таптап кеткен, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе Шет, Абай және Нұра аудандарында түз тағысы өте көп. «Охотзоопром» мекемесі, жергілікті атқарушы билік пен шаруашылықтардың күшімен киіктерді қайыру жұмыстары ұйымдастырылған. Бірақ ол еш нәтиже бермей отыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Нұра ауданындағы «Асхат» шаруа қожалығы 16 мың гектар жерге егін салған. Соның 3000 гектарын киік таптап, жарамсыз болып қалған. Былтыр бұл төңірекке 7 мың киік келсе, биыл саны 20 мыңға жеткен. «Мыңғырған түз тағысын қанша қайырғанымен, қайтып келеді», - дейді агроном Константин Приб. Осыған байланысты шаруалар егінді күндіз-түні күзетіп жүр.
Константин Приб, шаруа қожалығының агрономы:
- Біз бидайдың бір тоннасын 90 000 теңгеден өткіземіз. Орташа есеппен әр гектарынан 10 центнерден алғанның өзінде киік таптаған 1 мың гектар жердің өзінен 900 миллион теңге шығын келді. Киіктің санын реттеу керек деп ойлаймын. Қыс жайлы болғаннан ба биыл төлді де көп ертіпті. Егер бұлай жалғаса берсе келесі жылы егін салу қиын болады.
Нұра ауданы бойынша Қайнар, Шахтер, Кертінді, Байтуған, Жарасбай сынды бірқатар ауылдардың төңірегінде киік өріп жүр. Егінге түскен жануарларды қайыруға жергілікті атқарушы органның, шаруашылықтардың күшімен 44 машина, 54 мотоцикл жұмылдырылған. Алайда бұл еш нәтиже бермей отыр.
Нұрсұлтан Нұрмақ, Нұра ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Киіктер енді ауданда былтырғыға қарағанда 3-4 есеге көп. Кейбір ақпаратқа жүгінсек, шамамен 350 мыңдай бас деп санап отыр. Қазір бізде аудан бойынша 11 ауылда киік көп
Қарағанды облысы аумағында мыңдап жайылған киік ауыл шаруашылығына үлкен шығын келтірді. Мамандардың есебі бойынша түз тағысы 30 мың гектар егінжайды таптаған. Күзде қамбаға түсуі тиіс 60 мың тонна астық ысырап болды. Қазір арнайы құрылған жұмыс топтары, Ақмола, Ұлытау облыстарымен шекаралас аумақтарда өрген киікті бақылауда ұстап отыр.
Рашид Асқаров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Қазір киіктер көршілес өңірлерге қарай ойысты. Қарағанды облысы төңірегінде осыған дейінгі көп шоғырлану жағдайы жоқ. Сол себепті санын реттеу жұмыстары жүргізілмеді. Дегенмен, арнайы жұмыс топтары құрылды. Олар аудандарға шығып жағдайды бақылауда ұстайды.
Ал шаруаларға келген шығын өтеле ме, ол жағы әзірге белгісіз. Қазір батыс өңірлерде киік санын ретету жұмысы басталып кетті. Жүргізілген санақ қорытындысы бойынша елімізде 4 миллионға жуық киік бар екен. «Бұл бұрынғыдан үш есеге көп», - дейді мамандар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит