Қазақстанда алғаш рет тау-кен және металлургия саласындағы жұмысшы мамандар арасында халықаралық ERG Skills International сайысы өтті.
Бір аптаға созылған дода Павлодар облысының Ақсу қаласында ұйымдастырылды. Байқауға еліміздің жетекші кәсіпорындары — «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтыналмас» және ERG компаниялары мен Қытайдан келген білікті мамандар мен студенттер қатысты.
Байқау WorldSkills стандарттарына сай ұйымдастырылған. Жалпы саны 160 үміткер мен олардың тәлімгерлері дәнекерлеу, электромонтаж, зертханалық химия, тау-кен ісі және сандық станоктарды басқару сияқты көптеген мамандықтар бойынша шеберлік байқты.
Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Қазақстанда және одан тыс елдерде өз қолымен индустриалық болашақты қалыптастыруға дайын, дарынды, еңбекқор мамандар бар. Сіздер өз ісінің нағыз шеберісіздер.
ERG Skills International байқауына ERG мен колледждер альянсы, сондай-ақ басқа да оқу орындарының өкілдері қатысты. Қытайдан келген жастар да өз тәжірибелерін ортаға салды.
Хоу Ию Хан, Энергетикалық кәсіби білім беру колледжінің студенті:
- Бұл байқауға қатыса отырып, кәсібімді әлі толық меңгермегенімді білдім. Сондықтан әрі қарай білім деңгейімді көтеруге күш саламын.
Қайрат Базарбаев, «Алтыналмас» АҚ қызметкері:
- Бізде үш кезеңнен болды. А, В, С. Бірінші кезеңде монтаж, шкафтар арқылы, екінші кезеңде кабельдерді жалғау, қосу, үшінші кезеңде бағдарламалау, қосу аппаратының барлығын тексердік.
Байқауға қатысушылар еліміздің тау-кен металлургия саласына мықты мамандар дайындалып жатқанын дәлелдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ERG Skills International — жас мамандардың кәсіби қабілетін арттырып, өндірістік дағдыларын жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев