Өткен аптада Талғар қаласында қаза тапқан 16 жастағы марқұм Шерзат ісінің сот үкімі оқылып, қылмыстық іске нүкте қойылды.
Осыған орай, Жоғары соттың баспасөз хатшысы Перизат Сәдуақас-Хайруллина екі айға созылған сот процесінің қорытындысын жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
"Бұл процесс кәсіби өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Үкім оқылған сәт – эмоцияға толы, жүйке мен сабырдың сыналған күні. Бүгін мен осы екі айға созылған жұмыстың қорытындысын шығарғым келеді. Бұл – Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша онлайн-трансляция туралы шынайы репортаж" деп жазған ол ресми статистикалармен де бөлісті.
Онлайн-трансляция статистикасына көз салсақ:
10 сәуірден бастап 2 ай аралығында:
– 36 тікелей эфир;
– 80 сағаттан астам трансляция;
– 30-дан астам медиа ресурста қайта көрсетілім;
– YouTube-тағы қаралым саны – 1 000 000+.
Көрермендердің жас құрамы:
25-34 жас – 37,1%;
13-17 жас – 1,5%.
Гендерлік құрам:
Әйелдер – 58,3%;
Ерлер – 41,7%.
Қаралым географиясы – 42 ел:
ТОП-5:
Қазақстан – 87%;
Өзбекстан – 5,3%;
Қырғызстан – 1,4%;
Германия – 0,6%;
АҚШ – 0,3%.
– 5 маусым – менің кәсіби өмірімдегі ең ауыр күн. Сот үкімі жарияланған кезде камера жанында, айыпталушылардың дәл жанында тұрдым. Арадағы жалғыз кедергі 3-4 СОБР қызметкері ғана, – дейді Перизат Сәдуақас-Хайруллина.
Оның сөзінше, үкім жариялана салысымен залда жалжал басталған. Айыпталушылар шыныны ұра бастап, сотталушылардың туыстары айғайлап, орындықтарға шығып кеткені тағы бар.
– Мен жылдам реакция жасап, трансляцияны дереу өшірдім. Бұл кәсіби шешім еді. Тіпті, бір сәтте мені таптап кетуі мүмкін еді. Бір адам, яғни айыпталушының әкесі телефонымды тартып алуға тырысты. "Түсірме!" деп айғайлады. Осы сәтте жанымда әріптесім Нұрсұлтан болды. Ол маған көмектесті, – дейді Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы.
Сөз соңында Перизат Сәдуақас-Хайруллина барлық әріптесіне, техникалық қолдау көрсеткен мамандарға, журналистерге және сенім артқан көрерменге шексіз алғысымды білдірді. Мұның командалық еңбек екенін де еш жасырмады ол.