Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда айналымы 95 млрд долларға жетті. Оның жартысына жуығы Қазақстанның еншісінде. Бұл көрсеткіш арта түсеріне күмән жоқ. «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында түрлі бағыт бойынша келісімдер жасалып, жан-жақты құжаттар қабылданды. Сарапшылардың сөзінше, бұл шара тұтас аймақтың болашағына әсер етпек. Әлем елдерінің назарын өзіне аудартқан жиын мен қолға алынған ауқымды жобалар жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Иә Қытай – қазір әлемдегі көшбасшы елдердің бірі. Экономикасы жағынан дүниежүзі бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші мемлекет. Ішкі нарығы ауқымды, экспорттық қуаты мен импорттық сұранысы жоғары индустриялды державамен жан-жақты байланысты дамыту заман талабы.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көптеген Қазақстанға келетін инвесторлар негізінен шикізат нарығына келеді. Мұнай, газ, темір болсын... Қытайдан келіп жатқан инвестициялары бізге ауадай қажет дүние. Өйткені бәрі «шынайы сектор» дейміз ғой өнеркәсіп саласына, үлкенді-кішілі зауыттар ашылып жатыр, кәсіпорындар ашылып жатыр. Осы кездің өзінде 14 млрд доллар салынып, 50-ден астам жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінің аясында күні кеше арнайы форум өтіп, отандық және қытайлық компаниялар 60-тан астам келісім жасады. Оның ішінде CNPC компаниясы мен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту туралы және Ақтөбе облысында карбамид өндіретін кәсіпорынды іске қосуға арналған келісімдер бар. Сондай-ақ бірқатар салаларда ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 24 құжатқа қол қойылды.

Сючжэнь Шангуан, «Zhenghua Group» компаниясының өкілі:

Біз жаңартылатын энергия өндірумен айналысамыз. Қазір Қазақстан жасыл экономикаға аса мән беріп отыр. Алдағы уақытта еліңізде зауыттар салуды көздеп отырмыз. Біз бұған дейін Қазақстанды Орталық Азияға нарығына кіретін қақпа ретінде білетінбіз. Енді осында өзіміз жұмыс істеп көрмекпіз.

Қытай Қазақстанға инвестиция салған елдердің топ бестігіне кіреді. Осы тұста сандарды сөйлетсек: 2005 жылдан бастап қытайлық инвесторлар еліміздегі түрлі салаға 25 млрд доллардан астам қаржы құйған. Ал екеуара сауда айналымы биыл 44 млрд долларға жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.

Ван Синг Тин, медицина ғылымдарының докторы:

Қазақстан кейінгі жылдары халықаралық жобаларды белсенді жүзеге асырып жатыр. Яғни жергілікті кәсіпкерлер кез келген бастаманы талқылап, қолға алудан қорықпайды. Мен осы жолы мықты іскер азаматтармен таныстым. Мұнай-химия, медицина саласында бірлескен жобаларды қарастырамыз.

Қазақстан Қытайдың экономикалық әлеуетін логистикалық табыс ретінде де қолданып отыр. Өйткені еліміз аспан асты елімен Еуропаны жалғайды. Қытай мен кәрі құрлық арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағынан өтеді.

Жамаладен Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы:

Біздің мемлекет Еуропа мен Азияның арасындағы саяси-экономикалық көпір қызметін атқарып тұр. Сондықтан Қытай басшысының біздің мемлекетке келуі саяси, аймақтық қауіпсіздік саласында көптеген мәселелерді жан-жақты атқарады деп ойлаймаймыз.

Қос мемлекет арасында технология, жасанды интеллект бағытында да көптеген жобалар жүзеге асуы мүмкін. Сондай-ақ қытайлық Seraphim компаниясымен жасыл сутегі өндіру жоспарда бар. Бұл жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып өндірілетін, экологиялық таза отын түрі. Оны болашақта өнеркәсіп, химия, энергетика, авиация және кеме қатынасы, сондай-ақ көлік саласында пайдалану көзделген.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Соңғы жылдары көптеген мемлекет Орталық Азия өңірімен арадағы алыс-берісті жандандыруға барын салып жатыр. Соның бірі һәм бірегейі – Қытай. Айта кету керек, бұл Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алтыншы сапары. Тұтас аймақ үшін өте маңызды оқиға.

Нұрсұлтан Тілектес