Іргелі мақсат пен мүдде жолында Қазақстан мен Руанда ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам баспақ. Африканың экотуризм мен цифрландыруда ілгері шыққан мемлекеті Руанда Қазақстан үшін қара құрлықтың шығысына жол ашатын геосаяси және экономикалық қақпаға айналуы мүмкін. Екі ел арасында қандай байланыс бар? Қай бағытта бірлесе жұмыс жасап, жетістіктерге жетуге болады?

Қазақстан мен Руанда географиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс орналасқан. Бірақ өзара тоғысқан мүдделері бар. Мәселен, Руанда – электронды үкіметті дамытып жатқан Африкадағы үздік елдердің бірі. Қазақстанда да бұл бағытта айтарлық ілгерілеушілік бар. Айта кету керек, қос мемлекеттің де мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сондықтан еліміз транзиттік және мультимодальды логистика жүйесін дамытуға қарқынды түрде кіріскен. Яғни батыс пен шығыс арасындағы жүк тасымалын дамытып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын құрды. Сарапшылардың пікрінше, Қазақстан осындай сәтті тәжірибесін Африканың шығысында жатқан Руандамен бөлісе алады.

Әлібек Тәжібаев, «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры:

- Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі бола тұра осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, түрлі теңіз порттарына қолжетімділікті арттырды. Осылайша еліміз мұхитқа шыға алады. Бұндай тәжірибе руандалықтар үшін аса маңызды. Қызығушылықтары зор десем де болады.

Руанда – Африка континентіндегі ең тұрақты, сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен мемлекет. Экологиялық шешімдері де көпке үлгі. Бұл мемлекетте 2008 жылдан бері полиэтилен пакеттерін өндіруге, импорттауға, сатуға және қолдануға толық тыйым салынған. Бұдан бөлек, орманды алқаптарды арттыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Бұл мемлекеттің тағы бір ерекшелігі ол биоалуантүрлілігінде. Табиғат пен экотуризмді сүйетіндер үшін Руанда – Африкадағы ең тартымды бағыттардың бірі. Мұнда сирек кездесетін таулы гориллаларды көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келеді. Африканың шығысына саяхаттаған қазақстандықтар да: Экотуризм мен өзге де бағыттарды дамыту жөнінде Руандадан үйренетін тұстарымыз бар», – дейді.

Артур Нығметов, саясаттанушы:

- Руанда – Қызыл кітапқа енген тау гориллаларымен мақтана алатын әлемдегі жалғыз мемлекет. Оларды жалпақ жұртқа көрсетуден бұл ел жақсы ақша тауып отыр. Бұдан бөлек, мен Руанданың жемқорлықпен күресін ерекше атап өтер едім. Бұл тәжірибе де Қазақстан үшін аса қызық болу керек. Тағы экологиялық мәселелерді шешуде біздің елмен параллель келтіруге болады. Яғни ұқсастық бар. Бұл жерде Руанда басшысы Поль Кагаменің еңбегі орасан зор. Азаматтық соғыс алдында тұрған елде ауқымды реформалар жүргізіп, халықты біріктіре алды.

Қазақстан үшін Руанда – Шығыс Африка аймағына ашылатын геосаяси және экономикалық қақпа. Біздің қалталы азаматтарды да қызықтыратын бағыттар бар. Мәселен, Руандада колтан, танталит сынды пайдалы қазбалардың мол қоры бар.

Әлібек Тәжібаев, «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры:

- Шығыс Қазақстанда Үлбі металлургия зауыты бар. Ол әлемдегі колтан шикізатын өңдеуге техникалық және технологиялық мүмкіндігі бар санаулы кәсіпорындардың бірі. Бұл жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылатын маңызды шикізат. Яғни ол біздің әрбір гаджетімізде, ұялы телефонда, қол сағатында, жалпы көптеген құрылғыда пайдаланылады. Осы бағытта бірлесе отырып, біраз жетістіктерге жетуге болады.

Жалпы Руандамен арада сауда-саттық жоқ емес. Бар. Бірақ ауыз толтырып айтатындай көрсеткіштер жоқ. Бұл түсінікті де. Екі ел бір-бірінен айтарлықтай шалғай орналасқан.

Нұрлан Құлбатыров, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы АҚ бас директорының орынбасары:

- 2023 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 6,7 млн АҚШ долларын құрады. Бұл енді үлкен көрсеткіш болды. Кейін осы жылдың 3 айдың өзінде ғана 100 мың АҚШ долларына өсіп отыр. Біз Руандадан көбіне жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібінің өнімдерін аламыз. Ол ел – шай экспорттаршауы ел. Кофе сияқты өнімдерді сол елден импорттаймыз.

Енді бұл көрсеткіштер алдағы уақытта еселене түсіп, қос мемлекет әріптістікті дамытудың жаңа деңгейіне шығады деген сенім бар. Оған Руанда президенті Поль Кагаменің Қазақстанға жасаған ресми сапары сеп болмақ.

Авторлары: Риат Шони, Абдулхамит Бөлекбаев