Әлемде жыл сайын 5 триллиондай полиэтилен пакет тұтынылады. Бірақ олардың көбі қайта өңделмейді. Полиэтилен арзан әрі ыңғайлы материал болғанымен, табиғатқа аса қауіпті саналады. БҰҰ дерегі бойынша пластик қалдықтардан экология ғана емес, әлем экономикасына жылына 13 млрд доллар шығын келеді. Жаһан елдері полиэтилен тұтынуды қалай шектеп жатыр?
Полиэтилен пакет үшін 4 жылға сотталуы мүмкін
Кенияда полиэтилен пакеттерін қолдануға осыдан 8 жыл бұрын тыйым салынды. Өйткені пластик қалдықтар кәріз жүйесін бітеп, су тасқынына әкелген. Сондықтан елде полиэтилен пакеттерін өндіруге, сатуға және қолдануға да болмайды. Заңға бағынбағандарға 40 мың долларға жуық айыппұл салынады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осындай қатаң шараның арқасында былтыр Кенияның қоқыс полигондарында пластик пакеттер 70% азайған.
Сауда орындарында қағаз пакеттер ұсынылады
АҚШ-тың Калифорния штатында енді полиэтилен пакетті мүлде қолдануға болмайды. Келер жылдан бастап сауда орындарында тек қағаз пакеттер ұсынылады. БҰҰ дерегі бойынша дүниежүзілік мұхитқа жыл сайын 23-37 млн тонна пластик түседі. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 есе артуы мүмкін. Сондықтан штат губернаторы өзекті мәселені шешуге атсалысу үшін жаңа заң енгізгелі отыр.
Полиэтилен қаптар қайта кәдеге жаратылады
Ал Чилиде қолданылып, қоқысқа тасталған полиэтилен пакеттер қайта кәдеге жаратылады. Пластик қалдықтарынан жүк тасуға арналған тақталар шығарылады. Тазартылған полиэтилен пакеттер ұсақталып, түйіршіктерге айналдырылады. Өнім арнайы қоспа қосу арқылы алынады. Кәсіпорын басшылығы: «2300 тонна пластик қалдықтарынан жүк тасуға арналған 150 мың тақта шығарамыз», – деп отыр. Осылайша қоқысқа тасталған полиэтилен пакеттерден табыс тауып қана қоймай, экологияны да жақсартпақ.
Пластик адам ағзасына қауіпті
Микропластик адам ағзасына медициналық жолмен түседі. Сондықтан ол өте қауіпті. Түркияның теңіз биологы Седат Гюндогдун осылай дейді. Ғалымның айтуынша, қазір сұйық дәрілердің көбі пластик ыдысқа құйылады. Соның тек бір литрінде 65 микропластик болады. «Мұны адамдардың бірі білсе, бірі біле бермейді», – дейді профессор. Ал Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметі бойынша адам аптасына бір несие картасындай пластик тұтынады екен. Ол ауызсу, теңіз өнімдері, тіпті киім арқылы да ағзаға енетін көрінеді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт