Бүгін Мемлекеттік қызметшілер күні.
Қазақстанда бұл дата ресми түрде 2013 жылы бекітіліп, содан бері кәсіби мереке ретінде аталып келеді. Ол үшін Мемлекет басшысы арнайы жарлық та шығарған. Қазір еліміздің алдында мемлекеттік басқару саласында адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру сынды мақсаттар тұр. Осы бағытта қандай елеулі өзгерістер бар? Мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп, тиімділігін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Былтыр 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Құжат адалдық пен ашықтық, меритократия, яғни мемлекеттік қызметке еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына қарап алу, икемділік, үздіксіз оқыту, клиентке бағдарлану және прагматизм, жауапкершілік пен есептілік сынды қағидаттарға негізделген. Осының бәрі мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттырып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін көтеруге тиіс. Себебі қазір олардың мойнында үлкен жауапкершілік бар.
Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы:
- Қазіргі заман мемлекеттік басқаруға жаңа талаптар туындатуда. Оның себептері көп. Себебі бір жағынан алғанда бұлыңғыр, құбылмалы шиеленіске толы заман. Екінші жағынан жаңа технологиялар жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа сынақтар да туындатуда. Осының бәрі мемлекеттік басқарудың ролін арттыруда. Екінші жағынан оның жауапкершілігін де арттыруда.
Қазақстанда 2 мың 400 мекеме бюджеттен қаржыландырылады. Бұл ұйымдарда 500 мың адам жұмыс істеп жатыр. Қазір мемлекеттік қызметке қабылдау, яғни кадрлық үдерістер автоматтандырылған.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі агенттік төрағасы:
- Біз жасанды интелектіні Е-қызметке енгізу бойынша лаборотория ашылды. Сол лаборотория ішінде соны енгізу бойынша қазір жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы біздің әдістерімізді, өзіміздің ойларымызды әріптестерімізбен бөлісеміз. Және олардан тың деректерді күтеміз. Және сол тың деректерді алдағы уақытта біз өз жұмыстарымызға пайдаланамыз. Себебі біздің негізгі мақсатымыз – мемлекеттік қызметте кәсіби білікті, мықты мамандарды таңдай білу және солармен жұмыс жасай білу.
Мемлекеттік қызметке келген мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге де көңіл бөлінген. Мәселен, былтыр 5 мың 300-ден астам қызметкер цифрлық трансформация, Data Science, деректерді визуализациялау бойынша біліктілігін арттырды. Ал биылдан бастап Ai Qyzmet бағдарламасы енгізіле басталды. Бұл Еуразиядағы жасанды интеллектіні пайдаланудың алғашқы оқу платформасы. Сонымен қатар, басшылық қызметтегі азаматтарға қажетті дағдылар үйретіледі. Мәселен, мемлекеттік басқару академиясының магистранттары әртүрлі шиеленістерді шешуге машықтанып жатыр.
Талғат Жақиянов, мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі директоры:
- Бізде қазір конфликт менеджмент деген пәндер енгізілді. Сол сияқты төтенше жағдайлар орын алды. Су басу, орман өрті, тағы басқа. Осындай жағдайда да кейбір басшылардың кәсіби біліктіліктерінің жетпей жатқанын көрдік. Содан кейін бізде қазір төтенше жағдайларды басқару деген курстар енгізілді. Осы сияқты әртүрлі пәндер бар әртүрлі сұранысты жабатын.
Бұл пәндер туындаған қиындықтарды тез түсініп, жылдам шешуге көмектеседі. Сол үшін оқу бағдарламасы сол салаға жауапты құзырлы органдармен бірлесе дайындалған.